Жарияланды: 650

Мәжіліс "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады

Астана. 22 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мемлекет басшысы жедел қабылдануға тиісті деп атаған болатын. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың айқындылығы және тиімділігі бөлігінде электрондық мемлекеттік сатып алуды дамыту жолымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын жетілдіруге, сондай-ақ құқық пайдалану тәжірибесінде анықталған қайшылықтарды, олқылықтарды және нормалардың сыбайлас жемқорлыққа бейімділігін жоюға негізделген. Заң жобасы мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық көрінісін болдырмауға жол ашады. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде ақпараттық жүйелер мен электрондық құжат айналымын енгізу және электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай операторды анықтау қажет. Сонымен бірге осы заң жобасы отандық өнім берушілердің және тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін арттыруға, құқықтық кереғарлықты және олқылықтарды жоюға бағытталған өзгерістер мен толықтырулардың бірнеше негізгі блогын қамтиды. Мәселен, заң жобасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға алғы шарттарды жою мақсатында мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілері мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру процесіне бақылау жөніндегі уәкілетті органның реттеуіне және араласуына жол беретін нормаларды алып тастау ұсынылады. Атап айтқанда, бақылау жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасауды немесе тіркеуді тоқтата тұруға мүмкіндік беретін нормалар алынып тасталады. Сондай-ақ заң жобасымен жоспардан тыс тексерістерді жүргізу жағдайларын азайту, сонымен мемлекеттік сатып алу саласындағы бақылау жөніндегі уәкілетті органға тек кезекті бақылау функцияларын ғана қалдыру ұсынылады. Өзгерістер ақпараттық жүйелерді және электрондық құжат айналымын пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруды түрлі тәсілдермен дәстүрлі қағаз технологиясынан озық әдістерге көшуін жеделдетуге қатысты болады. Ақпараттық жүйелерді және электрондық құжат айналымын енгізумен баға ұсыныстарын сұрау тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бағаның шекті мәні алынып тасталады. Ол мемлекеттік сатып алу субъектілеріне барынша аз уақыт ішінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көбірек көлемін сатып алуға мүмкіндік береді. Сонымен тапсырыс берушілер бөлінген бюджет қаражатын уақтылы игере алады деп күтіледі. Ақпараттық жүйелерді және электрондық құжат айналымын қолдана отырып, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру сатып алу үшін бөлінген бағаны ашуды көздейді. Осы жаңалықты енгізуге байланысты әлеуетті өнім берушілердің назары берілетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды түсіруге аударылатын болады. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. 2010 жылдан бастап баға ұсыныстарын сұрату тәсілін электрондық форматқа ауыстыру барлық субъектілер үшін міндетті болып табылады. Сол сияқты заң жобасына қару-жарақ пен әскери техниканы жеткіуге ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндігін беру бөлігінде түзету енгізіледі. Заң жобасында, егер баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу шарт жасасуға әкеп соқтырмаса бір көзден сатып алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін норма ұсынылады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін