«Заң жобасының басты мақсаты — тұрғындар мен кәсіпкерлерді сақтандыру жолымен қорғау деңгейін көтеру, міндетті сақтандыру тиімділігін арттыру, міндетті сақтандыру түрлерінің жүйесін реттеу, халықтың сақтандыруға деген сенімін нығайту және сақтандыру мәдениетін көтеруге саяды»,- деді заң жобасын депутаттарға таныстырған ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары Ғани Өзбеков.
Оның айтуынша, енгізілмекші өзгертулермен міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру сыйақысының мөлшері бірқатар критерийлерді қолданысқа енгізу арқылы қайта қаралмақшы. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушыларды міндетті сақтанжыруға қатысты мәліметтер қорына міндетті түрде қамту жөніндегі норма енгізіледі. Осы орайда «мәліметтер қорын құрудағы басты мақсат — көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласында алақтық деректерінің алдын алу және ондай оқиғаларға жол бермеуге саяды»,- деді Ғ.Өзбеков.
Заң жобасында сонымен қатар екіден аспайтын автокөлік құралдарының қатысуымен болған және шығын көлемі мардымсыз жол апаттары болған жағдайда және ахуалды тараптар келісе отырып бағалаған жағдайда оқиға орнына ішкі істер органының өкілдерін келтірмей-ақ, жол апаты оқиғасын екі жақтың өз бетімен рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Заң жобасы бұған қоса Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына егер апатқа кінәлі жақ оқиға орнынан қашып кеткен немесе ол сақтандырылмаған жағдайда жол апатынан зардап шегушінің денсаулығы мен өміріне келген шығынды өтеп беруге қатысты қосымша функция береді. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі туроператорлар мен турагенттіктердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға да енгізілмекші.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті