Аталмыш заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігі төрағасының орынбасары Нұрамет Бижановтың түсініктемесіне жүгінсек, «заңның қолданыстағы нұсқасы өртке қарсы күрес қызметтерінің іс -қызметін толыққанды үйлестіре алмай отыр». Мәселен, оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі туралы заң жобасына енгізілетін өзгертулер мен түзетулер өртке қарсы қауіпсіздік органдарына адамдарды жұмысқа қабылдау және оларды жұмыстан босату тәртіптерін реттейді. Сонымен бірге, өрт сөндірушілерге берілетін арнайы атақтардың тізімі мен оларды тағайындау тәртібі мен өртке қарсы күрес саласы қызметкерлерінің зейнетақы қамтамасыздығы жөніндегі тәртіптер айқындалып, қызметтік міндеттерін орындамауға немесе тиісті деңгейде атқармауға байланысты жүктелетін жауапкершілік нақтыланған. Оған қоса, заң жобасына сәйкес мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметінің аймақтық бөлімшелерін қаржыландыру мәселесі де реттеліп отыр. «Заң жобасы бойынша бұл салаға бюджеттен қосымша қаржы бөлу немесе өртке қарсы күрес қызметкерлерінің санын арттыру көзделмейді»,- деді Н.Бижанов.
Заң жобасы сенатқа жолданды.