Жарияланды: 490

Мәжіліс Орта-Азиялық ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімді бекітуді мақұлдады

Бүгін, 7-қаңтарда өткен мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары "Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы "Орта-Азиялық ынтымақтастық" ұйымын құру туралы келісімді бекіту туралы" заң жобасын мақұлдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

2002 жылғы ақпанның 28-інде Орта-Азиялық экономикалық қоғамдастығы ұйымына мүше-елдердің мемлекет басшыларының саммитінде қол қойылған келісімге сәйкес Орта Азиядағы төрт мемлекет - Қазақстан , Қырғызстаны, Тәжікстан және Өзбекстан Республикалары Орта-Азиялық экономикалық қоғамдастығы ұйымын "Орта-Азиялық ынтымақтастық" ұйымына айналдыруға келісті. "Орта-Азиялық ынтымақтастық" ұйымын құру "саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық қатынастар саласында саяси диалогты одан әрі жалғастырып, диверсификациялау, аймақтағы экономикалық интеграцияның нысандары мен тетіктерін жетілдіру, көп қырлы ынтымақтастықты жандандыру мақсатын көздейді",- делінген заң жобасына қатысты мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті әзірлеген қорытындыда. Осы орайда бір айта кетерлігі, Орта-Азиялық экономикалық қоғамдастығы ұйымына мүше-елдердің аясында бұған дейін қол қойылған келісімдер мен уағдаластықтар, сондай-ақ, мемлекет басшыларының шешімдерінің аталмыш келісімге қайшы келмейтін бөлімдері күшінде қала береді. ҚР СІМ-нің ақпаратына сәйкес, Қазақстан "Орта-Азиялық ынтымақтастық" ұйымы шеңберінде бірінші болып аталмыш келісімді ратификациялауға кірісті. Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін