Бұл туралы палата Аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропа арасындағы болашақ даму бағыттарын талқылады. Осыған байланысты Паоло Бартолоцци парламентаралық ынтымақтастық жағдайына ерекше назар аударды. Өйткені, Еуропалық Одаққа мүше-мемлекеттердің көп жылдардан бергі дәстүрлі байланыстарымен қатар, соңғы уақыттарда Қазақстан Мәжілісі Еуропалық Парламенттік әріптестерімен, соның ішінде саяси фракция жетекшілерімен белсенді қатынас орнатқан болатын.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Еуропаға жол» бағдарламасына арнайы тоқталды. Осы бағдарламаның арқасында Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерімен жоғары деңгейлі қарым-қатынасқа қол жеткізіліп, Франция, Италия, Испания елдерімен стратегиялық әріптестік туралы келісімшартқа қол қойылған. Екі жақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы парламентаралық байланысты одан әрі дамыту тараптардың өзара ықпалдастығын нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.