Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі төрағасының орынбасары Мұрат Байсынов заң жобасы жөнінде баяндама жасады. Бұл құжат Мемлекет Басшысының 2008 жылғы 6 ақпандағы "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында даярланды.
Аталған құжат бойынша Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері осы заң жобасы бойынша оң қорытынды берген. Жұмыс тобының отырысында қаржы жүйесін тұрақтандыру мақсатында "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" заңның кәсіби бухгалтерлерді сертификаттауға қатысты заңның 9 бабы екінші бөлігінің қолданысқа енетін мерзімін ұзарту мәселесі бойынша түзету енгізілді. Заң жобасы бойынша барлығы 100-ден астам ескерту мен ұсыныс түсіп, олар жұмыс тобының отырыстарында, комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланып, салыстырма кестеге енгізілген. Заң жобасы бойынша қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сейітсұлтан Әйімбетов қосымша баяндама жасады. Депутат Кенжеғали Сағадиевтің сөзімен айтқанда "банк жүйесін реттейтін заң баяғыдан қажет болып жүр еді".
Заң жобасы сенатқа жіберілді.