Палатаның жалпы отырысында ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің бірінші орынбасары Бақтықожа Ізмұхамбетов заң жобасы туралы түсініктеме берді.
Оның айтуынша, заң жобасында «ҚазақМұнайГаз» ҰК-на мұнайгаз операцияларын жүзеге асырушы мердігерлермен арадағы келісім-шартына қол қойғанда ҚР заңдарында белгіленген тәртіп бойынша міндетті түрде үлес иемдену арқылы мемлекет мүддесін қорғауға мүмкіндік беру қарастырылған.
Сондай-ақ, заңның бірқатар нормалары минералдық шикізатты өндіру және алғашқы сатылы өңдеу барысында пайдалы қазбалардан нормативтен тыс мөлшерде айрылудың алдын алуға, сондай-ақ, кеніш бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда, тау-кендік-геологиялық және тау-кендік-техникалық тұрғыда артықша қолайлы жағдайдағы сапалы учаскелерді алдымен игеруге жол бермеуге бағытталған.
Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.