Жарияланды: 510

Мәжіліс Қазақстанды тауар классификациясының сәйкестілік жүйесіне біріктіру туралы заң жобасын мақұлдады

Бүгін, 18-желтоқсанда өткен мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары "Қазақстанды тауар классификациясының, тауарды сипаттаудың және оларға код тағайындаудың сәйкестілік жүйесі туралы халықаралық Конвенцияға, сондай-ақ, аталмыш конвенцияға түзетулер енгізу жөніндегі хаттамаға біріктіру туралы" заң жобасын мақұлдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

Палатаның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР кедендік бақылау агенттігі төрағасының орынбасары Сейітқали Мүлкиннің атап көрсетуінше, халықаралық Конвенцияның басты мақсаты - кедендік тарифтерді белгілеу және халықаралық сауда-саттық статистикасын жүргізу үшін тауарларды классификациялаудың біртұтас жүйесін енгізу болмақ. "Тауар классификациясының, тауарды сипаттаудың және оларға код тағайындаудың сәйкестілік жүйесі - Бүкіләлемдік сауда ұйымы жасап шығарған айрықша маңызды құралдардың бірі болып табылады",- деді ол. Бұл жүйе әлемнің 180 елі мен экономикалық одағында пайдаланылып, дүниежүзілік сауда-саттықтың 98 проценттен астамын қамтиды. Қазақстанды аталмыш конвенцияға біріктіру - тауарларды классификациялауды жеңілдетіп, құжаттар үлгісін стандарттауға, сауда-саттық саясатын қалыптастыруға жағдай жасайды ,- деді ҚР кедендік бақылау агенттігі төрағасының орынбасары. Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін