Жарияланды: 760

Мәжіліс "ҚР ішкі су транспорты туралы" заң жобасын мақұлдады

Бүгін, 7-қаңтарда өткен мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары "ҚР ішкі су транспорты туралы" заң жобасын мақұлдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

Бұл заң жобасы "ішкі су транспорты ұйымдары, су жіберушілер мен су алушылар, жолаушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар арасында ҚР ішкі су жолдарын пайдалану барысында қалыптасқан қарым-қатынастарды реттеу және нақтылауға арналған",- деді палатаның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР көлік және коммуникация министрінің бірінші орынбасары Юрий Лавриненко. Оның түсініктемесіне жүгінсек, заң жобасы еліміздің ішкі су ресурстарын кеме қатынасында пайдалану, кеме қатынасына арналған гидротехникалық құралдарды пайдалану, жүк және жолаушы тасымалдау талаптары, кемелер мен басқа да жүзу құралдарын сүйреу, айлақ, кеме және оның экипажының мәртебесіне қатысты тәртіп-ережелер айқындалады. Сондай-ақ, заң жобасында өзендегі кеме қатынасын жүзеге асыруға байланысты шығындарды орнын толықтыру мәселесін шешу де қарастырылған. Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, "ҚР ішкі су транспорты туралы" заң жобасында жеке кеме жасау регистрін жобалау көзделген. "Қазір өзенде жүруге арналған кеме жасаушы қазақстандық зауыттар өзен кемелерін жасауда ресейлік регистрмен жұмыс істейді",- деді Ю.Лавриненко. Оның айтуынша, аталмыш заң жобасы қабылдану нәтижесінде жобаланатын қазақстандық регистрге өзендегі кеме қатынасының нормалары, өзен флотына қарасты кемелерді жөндеу тәртіптері, өзен кемелерін жасау нормативтері қамтылады. Қазір елімізде кеме жөндейтін және кеме жасайтын 9 зауыт жұмыс істейді. Олардың арасынан Павлодар кеме жөндеу және Орал кеме жасау зауыттары кеме жасауға қазірдің өзінде тапсырыс ала бастады. Вице-министрдің айтуынша, басқа зауыттар "жекешелендіру процесстерінен кейін кешен түрінде сақталып қалғандықтан" өзен флотына арнап кеме жасау және жөндеу жұмыстарымен айналыса алады. "ҚР ішкі су транспорты туралы" заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін