Келісімнің мақсаты — екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстар қарқынды дамып келе жатқан қазіргі жағдайда кеден ісі саласында іс жүзінде әрі ұзақ мерзімді ықпалдастық орнату, екі жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту болмақ.
Келісімді жүзеге асыру бюджет қоржынына құйылатын кедендік түсімдерді арттыруға, кедендік заң бұзушылық оқиғаларымен күрес саласындағы ынтымақтастықты пәрмендендіруге, екі елдің экономикалық мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
Келісім сондай-ақ, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күрес саласында тиімді ынтымақтастық орнатуға, кеден заңын бұзу көріністерін әшкерелеу және олардың алдын алуға, кеден мекемесі қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін арттыруға септігін тигізбек.
Келісімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2002-жылғы 22-мамырдағы Түркияға ресми сапары кезінде қол қойылған.
Заң жобасы парламент сенатының қарауына тапсырылды.