Сапардың алғашқы екі күнінде мәжіліс төрағасы Қостанай қаласының атқамінерлерімен және қоғам өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, Әулиекөл ауданындағы сайлаушылармен жүздесті.
Қостанай мемлекеттік университетінде зиялы қауым өкілдерімен кездескен О.Мұхамеджанов 2005-жылы облысқа республикалық бюджеттен әлеуметтік маңызды нысандарды салу және жөндеуге 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінетінін хабарлады. Мәселен, бөлінген қаржыға Қостанайда 900 оқушыға есептелген қазақ мектеп пен әйелдерге ақыл-кеңес беру орталығы, ал Затобольск ауылында 100 науқасқа есептелген, ірі диагностикалық орталығы бар ауданаралық құрт ауруын емдеу ауруханасы салынбақшы.
Сондай-ақ, магистральдық су құбырлары мен су таратқыштар жөнделіп, облыстық балалар ауруханасы мен Қостанайдағы №24А орта мектебін күрделі жөндеу және жабдықтау жұмыстары аяқталады.
Облыс басшылығы мәжіліс төрағасына тұрғын үй қорын сауатсыз саясатпен оңтайландыру салдарынан баспанасыз қалған Арқалық және Жетіқара тұрғындарының проблемасын шешуге ықпал жасауды өтінді. О.Мұхамеджанов бұл мәселені өз бақылауына алуға уәде берді.
О.Мұхамеджанов бүгін облыстық әкімшілік өкілдерімен бірге Арқалыққа ұшып кетті. Мәжіліс төрағасы мұнда сайлаушылармен жүздесіп, ахуалмен көзбе-көз таныспақшы.