Келісімнің мақсаты — саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, гуманитарлық, мәдени және басқа салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбайдың хабарлауынша, келісіммен тараптардың жаппай қырып жоятын қаруды таратпау, терроризммен, контрабандамен, есірткінің заңсыз айналымымен және қару-жарақ саудасымен күрестегі екіжақты, аймақтық және халықаралық негіздегі ынтымақтастығы қарастырылған. Сонымен қатар, тараптар трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, соның ішінде, бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікке қауіп төндіретін заңсыз көші-қонмен және адам саудасымен күрес саласында да ынтымақтастық орнатады.
Бұдан басқа, «келісім Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыс бағытындағы мүдделерін ілгерілету бойынша шешуші мәнге ие».
Жалпы алғанда, СІМ басшысының орынбасары қазақстандық-түркиялық қарым-қатынастарды жандандыру Қазақстанның Орталық Азиядағы халықаралық саяси және экономикалық құрылымдарға интеграцияланған көшбасшы ретіндегі халықаралық беделін нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Келісімге 2009 жылдың 22 қазанында Анкарада қол қойылды.