Мәжіліс төрағасы О. Мұхамеджанов палатаның төртінші сессиясын қорытындылады
![]() |
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі өзінің төртінші сессиясындағы соңғы отырысын өткізді. Осыған орай, отырыс соңында палата төрағасы Орал Мұхамеджанов өткен сессияны қорытындылап, сөз сөйледі. |
«Өткен кезең ел өмірінде маңызды оқиғаларға толы болды. Көп елдермен салыстырғанда, Қазақстан экономикалық дағдарыстан шығынсыз өтіп, тұрақты даму жолына түсті. Өткен жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 7 пайызды құрады. Елбасы бастамашылық жасаған «Жол картасы» халықты жұмыспен қамту проблемасын айтарлықтай шешуге мүмкіндік берді. Әр облыста жүздеген білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары, мыңдаған шақырым жолдар жөндеуден өтіп, көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды» - деді О. Мұхамеджанов өз сөзінде.
Сонымен қатар, Палата төрағасы еліміздің алдында тұрған өрелі міндеттерге де тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан 2016 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖІӨ-ді 15 мың долларға жеткізіп, табыс деңгейі жоғары елдер қатарына кіру міндетін қойып отыр. Сондай-ақ 2015 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 80 млрд. долларды құрайтын 500-ге жуық жоба жүзеге асып, 200 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
«Осы орайда атап өтетін мәселе, өткен жылдың өзінде жалпы құны 800 млрд. теңгеден асатын 152 жаңа нысан іске қосылды», - деді О. Мұхамеджанов.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін