ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин облыс орталықтарында жедел жәрдем машиналарын GPS-мониторларымен жасақтауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің барлық облыс орталықтарында осыны жүзеге асыру керек. Адамдар үшін жедел жәрдем бригадасын шақырғаннан кейін тиісті көмек тез уақытта жетуі маңызды. Сонымен бірге азаматтың нақты дертіне мамандандырылған жәрдем болуы керек»,-деді Нығматулин Мәжілістегі жалпы отырыс барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қаратып айтқан сөзінде.
Отырыс барысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын.
Депутаттар сауалына жауап берген министр жедел жәрдем қызметінің жолда көп кешігуінің негізгі себебі ретінде машиналар көп жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет емес шақыртуларға баратындығын атады.
Жоба аясында call-орталық құрылып, ол өңірлік орталықтармен өзара іс-қимыл жасайтын болады. Осы ретте тиісті үйлестіру шаралары ескеріледі. Нәтижесінде, шақыртулардың бір бөлігі базалық емханалар мен өңірлердің стационарларына бағытталады. Бұл өз кезегінде жедел жәрдемге жүктемені азайтып, шақыртуға баратын дәрігерлердің уақтылы жетуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Заң жобасы бойынша баяндамасында Е. Біртанов халық денсаулығын сақтау саласындағы басты мақсат — ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу екенін атап өтті. «Денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік және жеке шығындардың өсуі халық пен жұмыс берушілердің ынтымақтастық жауапкершілігі ұстанымы негізінде денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын күшейтуді қажет етеді. Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімге 2016 жылы 1 қарашада қол қойылды. Қарыз сомасы 80 млн АҚШ долларын құрайды. Қазақстан Республикасының бірлесіп қаржыландыру көлемі 10 млн доллар», — деді министр.