Мәжіліс ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады - kaz.caravan.kz
  • $ 514.31
  • 603.03
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мәжіліс ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады

Мәжіліс ұлттық қауіпсіздік туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады

Бүгін, 4-мамырда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі" заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 4 Мамыр 2005
  • 377
Фото - Caravan.kz

Соған сәйкес Азаматтық-процессуалдық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекс, Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерге, «БАҚ туралы» заңға, «Діни сенім-наным еркіндігі және діни бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы», «Шұғыл іздестіру іс-қызметі туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізіледі.

Палата отырысында заң жобасын таныстырған ҚР әділет министрі Зағипа Балиева: «елдің тәуелсіздігі сол елдің азаматтары мен институттарын тұрақты қорғау арқылы қамтамасыз етілетіні еш күмән тудырмаса керек»,- деп мәлімдеді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл заң жобасы арқылы азаматтарды экстремистік іс-әрекеттері, экстремистік немесе лаңкестік іс-қызметті қаржыландырғаны үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған. Құжатта шетел азаматтарының Қазақстандағы саяси партияларды қаржыландырғаны және сайлауда саяси партиялар мен үміткерлердің ат ұсынуына және сайлануына түрткі болатын әрекеттері үшін жүктейтін жауапкершілігі реттеледі.
Заң жобасына діни топтарды міндетті түрде тіркеу туралы ереже мен шетелдік дін таратушылардың іс-қызметін реттеуге қатысты түзетулер енгізілген.
Сонымен бірге заң жобасында мемлекеттік тілдегі хабарларды тәулік бойына біркелкі тарату тәртібі қарастырылған. Сонымен бірге заңды жобалаушылар қазақстандық БАҚ-тардың редакцияларын шетел азаматтарының басқаруына тыйым салуды ұсынып отыр.
ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Владимир Божконың айтуынша, заңға түзетулер енгізу — елімізде «ахуалдың күрделілене түскенін» меңземейді. «Бастамалар бар болғаны еліміз заңнамасындағы кейбір ақтаңдақтар мен кемшіліктерді жоюды мақсат тұтады»,- деді ол. В.Божконың айтуынша, бұл өзгерістер «құқық қорғау мекемелерінің құзыреті аясын нақтылауға, лаңкестік және экстремизм, ұлтаралық және конфессияаралық дүрдараздықты өршітуге қарсы күресті құқықтық тұрғыда жан-жақты қамтамасыз етуге түрткі болу арқылы қоғам мен нақты азаматтарды қауіп-қатерден сенімді қорғауға мүмкіндік береді».
Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін мәжілістің салалық комитетіне жолданды. Заң жобасы мәжілістің 11-мамырға белгіленген жалпы отырысында екінші оқылымда қаралады.

Перейти к новостям спорта