Агенттігі комитет деңгейіне түсіп қалса да, Талғат Мұсабаевтың мысы әлі қайтпапты. Бүгін де әдеттегі репертуарынан айнымай Мәжіліске жеткен жетістіктерін тізіп келіпті. Алайда, асқақтаған ғарышкерді депутаттар аспаннан жерге түсіріп, құрдымға кеткен жобаларын бетіне басты.
Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:
-Соңғы он жылда Қазақстан ғарыш саласындағы жобаларға 1,5 млрд.доллар жұмсапты. «Бәйтерек», «Есіл» және «KazSat -1» құрдымға кетті. Ал, «KazSat -2» де бағыты бұлыңғыр. Айтыңызшы, осы біздің ғарыш аппараттарымыздың құны шетелдіктермен салыстырғанда қанша тұрады?
Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Аэроғарыш комитетінің төрағасы:
-Мұндай мәліметтер сізде қайдан жүр? Бұл қызмет бабында айтылатын ақпараттар ғой.
Осылайша, Мұсабаев қызметтік құпия мәліметтің депутаттың қолына қалай түскеніне таңқалды. Сөйтіп, абдырағандай сыңай танытып сауалдан оңай сытылып кетті. Ал депутаттар француздың «Куру» ғарыш айлағындағы екі аппаратымыз: «KazEOSat-1» мен «KazEOSat-2»-нің тағдырына алаңдаулы екенін жасырмады. Олардың бірі — жерді қашықтықтан зонттауға арналған. Екіншісі – ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені. Бұл жобаға келгенде, Мұсабаев ерекше мақтанды.
Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Аэроғарыш комитетінің төрағасы:
-Қазақстандық жерді қашықтықтан зонттау жүйесінің әлемде аналогы жоқ. Мұндай спутникті тіпті Ресейдің өзі енді қарастыруда. Бірақ, Ресейге қарсы халықаралық санкцияларға байланысты, әзірге көршілеріміздің оған қолы жетпей отыр. Сондықтан Ресей біздің спутниктер түсірген суреттерді сатып алуға дайын, қазір нақты ұсыныстар бар. Біздің жүйені басқа мемлекеттер де жоғары бағалауда.
Ғарыштан түсірілген суреттерді ауыл шаруашылығы, төтенше жағдай, қорғаныс саласы, ұлттық қауіпсіздік пен ауа-райы жайында ақпарат жинау үшін пайдалануға болады. Ал, еліміз бұған дейін мұндай мәліметерді өзге мемлекеттерден қыруар қаржыға сатып алып келген екен. Тек сол спутниктік суреттердің бағасын сұрап білмек болған едік, неге екені белгісіз, Мұсабаев тілшілерден тұра қашты.
-Ассалаумағалейкум, түсініктеме бермеймін.
-Ура, ура!
-Рахмет, жақсы…
—Осылайша атақты Мұсабаев Мәжілістен уралап шықты. Себебі депутаттар онымен қанша дауласса да соңында, Қазақстан мен Францияға ортақ ғарыш жүйесіне қатысты келісімді бекітіп берді. Енді Куру айлағындағы қос спутник еліміздің меншігіне өтуі мүмкін.