Жарияланды: 1600

Мәжіліске ҚР "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы ұсынылды

Мәжіліске ҚР "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы ұсынылды,- деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметінен.

Хабарламада атап көрсетілгеніндей, аталмыш заң жобасын ҚР Ұлттық банкі жасаған. Заң жобасын жасауға қағаз ақшалар мен тиындарды жасау және олардың дизайнына қатысты шешімдер қабылдауға байланысты, ұлттық валюта банкнотын, мемлекеттік бағалы қағаздар мен құжаттарды қолдан жасаудан қорғау және олардың түпнұсқалылығын анықтау тәсілдері туралы мемлекеттік құпиялар тізіміне қамтылатын кейбір мәліметтерді осы тізімнен алып тастау қажеттілігіне байланысты жасалып отыр. Заң жобасына арналған қосымша түсініктеме мәтінінде атап көрсетілгеніндей, ҚР "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес мемлекеттік құпияларға жататын ақпараттардың материалдық носительдерін шетелдік жеке меншік ұйымдар жасап шығаратындығына байланысты туындап отыр. Өйткені ондай ұйымдармен коммерциялық құпиялық шарттары туралы мәміле жасалады. Мәселен, арнаулы қымбат жабдықтың жоқтығына байланысты банкнорттарды басып шығаруға қажетті негізгі баспалық шикізат материалдарын Англияның "Dе Lа Ruе Іntегnаtіоnаl Lіmited" компаниясы тапсырыспен жасап беруде. Баспалық шикізат материалдарына тапсырыс беру - қағаз ақшаларды жасау технологиясы мен оның дизайнына қатысты барлық жоспар-жобаларды түгелдей жайып салуды талап етеді. Ал банкноттарға арналған бояулар Швейцарияның "SICPA S.A." компаниясынан тапсырыспен алынады. Тапсырысты орындау үшін компания түрлі арнаулы бояулар қолдану жолымен банкноттарды қолдан жасаудан қорғау тәсілдерімен танысып шығуы тиіс. Ал сатып алынатын бояудың қаиеттері туралы ақпарат оны өндірушінің коммерциялық құпиясына саналатындықтан жаңа банкноттарды алғаш рет шығаруға өндіруші өкілінің тікелей қатысуы қажет. Тағы бір айта кетер ерекшелік, ҚР Ұлттық банкінің қарамағындағы Банкнот фабрикасында жүзеге асырылатын баспалық материалдарды дайындауға және дизайн жасауға қатысты операциялар аясы кеңейтілген күннің өзінде ұлттық валюта банкноттарын жасау және қорғау тәсілдеріне, дизайн жасауға қатысты қорғалған полиграфиялық өнімдер шығару саласындағы әлемдік жетекші компаниялармен өзара ынтымақтастық орнату қажеттілігі өзекті болып қала бермек. Осыған байланысты хабарламада атап көрсетілгеніндей, ұлттық валютаны шығару шарасын жүзеге асыруда жекелеген ақпараттарды шетелдік заңды тұлғаларға беру қажеттілігі туындайтындықтан аталмыш заң жобасын қабылдаудың маңызы зор. Бұл мәселені дұрыс жолға қоймау Қазақстан аумағындағы қолма-қол ақша айналымына нұқсан келтіріп, дағдарысқа душар етуі мүмкін. Өйткені, банкноттар шығару үздіксіз жүзеге асырылатын құбылыс екені белгілі. Сондай-ақ, заң жобасында тізімін ҚР президенті бекітетін лауазымды адамдардың міндеттеме жүктеу тәртібіне өзгерістер енгізу көзделіп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін