Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Сапар аясында Мәжілісі депутаттары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Абылай Мырзахметовпен кездесіп, «Қазақстан-2050» стратегиясында анықталған мақсаттарды жүзеге асырудағы негізгі бағыттар туралы әңгімелесті. Осыған орай облыстың инновациялық даму бағдары бойынша жобаларды, жаңа әлеуметтік бағытты жүзеге асырудың тетіктері мен оңтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы іс-шаралар талқыланды.
Сонымен қатар, мемлекеттің алдында тұрған негізгі мақсаттар мен Жолдау жүктеген бағыттар Қазақстан халқы Ассамблеясы Оңтүстік Қазақстан филиалының өкілдерімен де талқыланды. Кездесу барысында Қазақстан қоғамында келісім мен бірлікті нығайтудағы рөліне мән беріліп, бұның Президент Жолдауында анықталынған мақсаттарды жүзеге асырудың табысты кепілі екендігі атап өтілді.