Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Медеу» мұз айдынының инженерлік инфрақұрылымы жаңартылып, мұзда сырғанау сапасы артады. Бұл туралы қалалық әкімдік жазды.
«Медеу» мұз айдынында сырғанау маусымы ұзартылады. Сонымен қатар жасанды интеллектпен жабдықталған SmartICE жүйесі енгізіліп, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру арқылы Медеуді жыл бойы жұмыс істейтін әлемдік деңгейдегі спорттық-туристік орталыққа айналдыру көзделіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы спорттық нысандар жекеменшіктің қолына өтіп кеткендіктен спортпен айналысуға мүмкіндік үнемі бола бермеген. Тіпті мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Алматыда мәнерлеп сырғанаудан еліміздің үздік спортшыларын даярлау үшін тиісті жағдайдың жоқтығы туралы ақпарат берді. Нәтижесінде былтыр ірі спорттық нысандарды қаланың балансына қайтару жұмыстары басталды. 2024 жылы «Almaty Arena» және «Halyk Arena» көпфункционалды кешендері коммуналдық меншікке өтті.
Бұған қоса, кейінгі үш жылда қалада алты жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, ал биыл тағы төрт кешеннің құрылысы басталады. Бұл шаралардың барлығы өскелең жас спортшылардың дайындығы үшін заманауи әрі қолжетімді жағдай жасауға және Алматыда бұқаралық және кәсіби спортты жүйелі дамытуға бағытталған.