Медеуден Шымбұлаққа баратын жолда 20 текше метр тас құлады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Медеуден Шымбұлаққа баратын жолда 20 текше метр тас құлады

Медеуден Шымбұлаққа баратын жолда 20 текше метр тас құлады

 

  • 12 Сәуiр 2023
  • 7
Фото - Caravan.kz

Медеуден Шымбұлаққа баратын жолда 20 текше метр тас құлаған. Қазір жол жабық, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 12 сәуірге қараған түні болған. «Қазселденқорғау» ММ Алматы өндірістік қалалық пайдалану басқармасы филиалының маманы «Мохнатка» тауы маңында, Медеу бөгетінің тұсынан 300 м жоғары (Шымбұлаққа барар жолда) жерде көлемі шамамен 20 м3 тас опырылып түскенін анықтаған.

Жауын-шашын мен көшкін қаупіне байланысты алдын ала қойылған блокбекеттердің арқасында адамдардың зардап шегуіне жол берілмеді.

Тастардың көп бөлігі қорғаныс қабырғасының ішінде құлаған, алайда қорғаныс қабырғасы, сондай-ақ қорғаныс торлары зақымданған, 2 тіреу майысқан.

Таудан тастардың қайта құлау қаупіне байланысты «Қазселденқорғау» ММ мамандары «Медеу» табиғи паркі КММ автожол учаскесін толық жабу туралы ұсынымдар берді. Қазіргі уақытта жол (Медеу-Шымбұлақ) жабылды. Қаланың арнаулы қызметтері жұмыс істеп жатыр.

Алматы қалалық ТЖД мен «Қазселденқорғау» алматылықтарды, туристер мен мегаполис қонақтарын «Қазгидрометтің» жауын-шашын туралы болжамына байланысты тауға барудан бас тартуға шақырады. Сонымен қатар, тауда қалған туристерге барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.


Егер сізге көмек қажет болса, 112, 109 немесе 8 (727) 372 -15-60 (ҚР ТЖМ РЖҚЖ ММ кезекші-диспетчерлік бөлімшесі) желілеріне қоңырау шалу қажет.

Еске салсақ, Аюсай шатқалында тастар құлап, сарқырамаларға апаратын жолды басып қалған болатын.