Белгілі дәрігер Ерік Байжүнісов өзінің Facebook-тегі парақшасында елдегі медицина сапасы жайлы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Медицина дамып жатыр ма, күйреп жатыр ма?
Сарапшының жазуынша, бұрын дәрігерлерді тек бөлім меңгерушісі, яғни тәлімгері мен рухани жетекшісі ретінде бақылайтын. Одан кейін – бас дәрігердің орынбасарлары мен өзі. Облыстық не қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері сирек көрінетін. Олармен тек жетекші мамандар, яғни бас хирург, бас терапевт, педиатр және т.б. арқылы байланыса алатын. Бұл адамдар беделді, білікті, күрделі науқастарға келіп, бірге ота жасап, емді түзететін. Ол кезде облыстың бас хирургі болу – медициналық мансаптың шыңы саналатын.
«Министрлікпен байланыс тіпті болмады. Министрдің кім екенін білсек те, өз көзімізбен көрмегенбіз. Оның бұйрықтары сирек шығарылатын, бірақ олар ұзақ жылдар бойы өзекті болатын. Өйткені ол құжаттар нақты мәселені шешуге бағытталатын. Мысалы, жедел хирургиялық көмек көрсету жөніндегі ереже – әлі күнге дейін қолданыста. Ол ереже өз уақытындағы ғылыми жетістіктерді заңдастырып, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды», — дейді маман.

Сол кездегі жүйеде тек кәсіби деңгейі жоғары, беделді әрі тәжірибелі адам ғана тексеруші бола алатын. Жетекші маман болу үшін міндетті түрде білім беру, үйрету – басты талаптардың бірі еді. Қысқасы, медициналық бақылау жүйесі шынайы кәсібилікке негізделген болатын.
Қазір дәрігерді тексеретін тұтас армия пайда болды
Бұрынғы «өзіміздің» тексерушілерге қоса, Денсаулық сақтау министрлігінің комитеттерінен, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан, түрлі сараптамалық орталықтардан сан түрлі «эксперттер» қосылды. Қазіргі кезде дәрігерді тексеретін тұтас армия пайда болды.
«Олар тексеретіндей негіз болу үшін дәрігердің барлық әрекеті стандарттар мен хаттамаларға «оралған». Клиникалық нұсқаулықтар мен ғылыми еңбектердің мәні жоғалды. Енді дәрігер ойланбайды. Не жазылған, соны істейді. Бір қадам шетке шықсаң – жазаланасың», — деп жазды маман.
Бүгінгі таңда медицина мамандарына үстемдік ететін құрылымдардың саны өте көп: Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, МӘМС қоры, СЭК (бұрынғы СЭС), Электрондық денсаулық сақтау орталығы, Ұлттық статистика орталығы, әкімдікке қарасты денсаулық басқармасы, Ұлттық ғылыми орталықтар және тағы басқалар.
Осындай қатаң бақылау басқа еш салада жоқ.
Ал басты мамандар қайда кетті? Облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармалары мемлекеттік қызметке айналды. Жалақы аз, емдеуге рұқсат жоқ. Сондықтан ешкім барғысы келмейді. Соның салдарынан барлығы штаттан тыс кеңесшіге айналды.
«Ал штаттан тыс дегеніміз азаматтық некедегі жар сияқты: бар сияқты, бірақ құқығы жоқ. Енді елестетіп көріңіз, сіз дәрігерсіз. Осындай қысым мен шектеуде жұмыс істей алар ма едіңіз? Меніңше, жоқ. Сондықтан дәрігерлер жаппай жеке секторға кетіп жатыр. Себебі, бұл ауыр жүйе тек мемлекеттік дәрігерлерге қолданылады. Ал жекеменшік клиникаларды кәсіпкерлік кодекс қорғайды», — дейді маман.
Өзгерістер жағдайды жақсартты ма?
Әрине, мұның бәрі «пациенттердің құқықтарын қорғау», «қауіпсіздік» және «сапа» деген ұранмен бүркеленеді. Бірақ бұл жүйе шетелден алынған. Басқа елдерде бүкіл жүйе жекеменшік: университеттер, емханалар, клиникалар. Ал бізде керісінше, бәрі мемлекеттік.
«Яғни, біз науқастарды өзіміз дайындап, оқытып, жалақы төлеп отырған өз дәрігерлерімізден қорғаймыз. Қисынсыз дүние. Егер бұл жүйе өзгермесе, алдағы уақытта шынайы адал дәрігерлерден айырылып қаламыз», — деп шүйлкіті ол.
Сарапшы оқырмандарға сұрақ жолдады.
«Медицина сапасы артты ма? Сізде таңдау болса қайсысын таңдар едіңіз? Кәсіби білікті дәрігер ме, әлде жеке палата, оның ішінде тамақ пен теледидар ма?», — деп жазды.
Медициналық көмектің сапасы – бұл адам өмірін сақтап қалатын дәрігер. Қалғаны – сервис.
«Сервис болмаса да, мен тірі қаламын. Әдемі ғимараттар, қымбат құрылғылар, дәрілер – бұлардың барлығы тек құрал. Ал дәрігерсіз олар олардың мағынасы жоқ жай темір. Тіпті жасанды интеллект те солай», — деп түйіндеді.