Жарияланды: 850

Мексика елшісімен мәдениет саласындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды

ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Мексика Федеративті Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жайме Гарсия Амаралмен кездесті.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарлады. Кездесу барысында мәдениет саласындағы екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері қарастырылды. «Біз Мексикамен, сонымен қатар түгелдей Латын Америкасымен мәдени саладағы байланысқа ерекше назар аударатын боламыз. Менің білуімше, Мексикада ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізілген мәдени және табиғи 31 нысан бар. Оның 11-і адам қолымен жасалған ғажайып үлгілер туындысы болса, екеуі табиғаттың бірыңғай сұлу феномені мен эстетикалық маңызы зор нысандар болып саналады. Өз тарапымнан біздің халықтардың мәдениетін жақындастыра түсуге бағытталған шараларға толыққанды көмек көрсетуге әзір екенімді жеткіземін»,-деп атап өтті М.Құл-Мұхаммед. Мәртебелі мейман өз кезегінде мәдени және рухани байланыстардың одан әрі нығая беретіндігіне сенім білдіре келіп, мәдениеттің дипломатиялық байланыстар орнатуда ерекше маңызы зор екенін тілге тиек етті. «Мексика әрқашанда екіжақты қарым-қатынас орнату кезінде мәдениетке ерекше көңіл бөледі, сол себептен сізбен кездесуіме ерекше мән беремін», - деді Мексика елшісі. Дипломат сондай-ақ мәдениет саласындағы байланыстарды толықтырып, нығайтуға ашықтығын білдіріп, министрді алдағы қазан айында Мексикада өтетін Латын Америкасының ең беделді «Сервантино» халықаралық өнер фестиваліне қатысуға шақырды. Фестиваль 1973 жылдан бері Мексиканың Гуанахуато қаласында жыл сайын қазан айында болады және ол XVI ғасырдың атақты испан жазушысы Мигель Сервантес де Сааведраның шығармашылығын дәріптеушілердің ұйымдастыруымен өткізіледі. Оның барысында қаладағы театрларда, концерт залдарында, ашық аспан астында, жай ғана қала көшелері мен алаңдарда көрермендер назарына түрлі жанрдағы қойылымдар ұсынылады. Айта кетейік, Қазақстан мен Мексика арасында дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы 13 сәуірде орнатылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть