Мексикалық боксшы өзінің твиттердегі жеке парақшасында 16 шілде күні Головкинге қарсы жекпе-жекке шығуға дайын екендігін жазған. Бұған қоса, кездесуді АҚШ, Мексика немесе Ұлыбританияда өткізуге қарсы еместігін хабарлаған.
Кіші Чавес осыған дейін де Головкинді кездесуге шақырған болатын. Тіпті, ол жекпе-жектің оңай болатындығын бірнеше рет айтқан. Ал Фредди Роуч мексикалық боксшының бабында екенін алға тартып отыр.
Айта кетейік, кіші Чавес Головкинді кездесуге шақыруға жүрегі дауалаған жетінші боксшы. Ал оның жерлесі Сауль «Канело» Альварес Геннадий Головкинмен кездесуден бас тартып, өзінің орта салмақтағы WBC белбеуін оған бере салған болатын. Осылайша, қазақстандық боксшы чемпиондық атағы бойынша үздіктердің қатарында. Оған тек WBO атағын алу ғана қалды. Ал оның иесі – жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген британиялық Билли Джо Сондерс. Егер де Головкин аталмыш белбеуге ие болса, ол орта салмақтағы алғашқы абсолютті чемпион атанады.