Бұл жөнінде Жамбыл облысы Тараз қаласындағы Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының директоры Эльмира Қойлыбаева елімізде талқыланып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты өз пікірінде білдірді.
«Президент Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген жаңа заң көптеген біздің азаматтарға мұғалім миссиясын ұғынып, оның еңбегін бағалауға ықпал етеді. Барлық заманда мұғалім халықтың болмысын сақтайтын тұлға ретінде құрметтеліп келеді. Себебі, адамзат баласы оған ең құндыны – өз болашағы мен өз балаларының болашағын сеніп тапсырады. Сол себепті, бұл педагог мәртебесі туралы заңның маңызы зор деп санаймын. Ол құжат бүтіндей қоғам болып мұғалімдерді қорғау механизмін әзірлеуге көмектеседі», — деді Эльмира Серікқызы.
Білім ошағының басшысы мұғалім мамандығына деген құрметті қалпына келтіруге ықпал ететін және қоғамдағы педагог атағын арттыруға байланысты аталған заң жобасын талқылауға жамбылдық ұстаздар қауымы белсенді қатысқанын атап өтті.
«Бізге өз жұмысымызда жалақы мен еңбек жағдайына қатысты қиындықтарға тап келумен қатар, біздің қызметтік міндетімізге жатпайтын, кәсіби міндеттерімізден алшақ жұмыстарды атқаруымызға тура келеді. Сондықтан, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына мыналарды қосуды ұсынамын: бастауыш сынып мұғалімдерінің апталық жүктемесін 14 сағатқа дейін, орта және жоғарғы сынып мұғалімдерінің апталық жүктемесін 16 сағатқа дейін төмендетуді қарастыру; пән бойынша сыныптан тыс және сабақтан тыс жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін қосымша ақы төлеу жүйесін әзірлеу және енгізу; психолог, әлеуметтік педагог, қосымша білім педагогтары, кітапханашылардың жалақысын көтеруді қарастыру; жақын және алыс шетелдердегі үздік педагогикалық тәжірибені меңгеру үшін практикалық жұмыс жасайтын педагогтар үшін халықаралық іс-сапарлар қарастыру; педагог мәртебесін мемлекеттік қызметшілер мәртебесіне теңестіру; 25 жылдық педагогтік өтілі бар педагог қызметкерлер үшін еңбек еткен жылдары бойынша мерзімінен бұрын зейнетке шығуды қарастыру», — деп директор өз ұсыныстарын айтып өтті.
Сондай-ақ, Эльмира Қойлыбаева білім саласында жоғары марапатқа ие болған ұстаздар үшін қосымша ақы төлеуді қарастыру қажеттілігін де атап өтті.
«Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің қызметкерлерін жалақыға үстемеақысыз мамандыққа қатысы жоқ жұмыстарды атқаруына жол бермеу керек және педагогтар үшін қалалық қоғамдық көлік пен ел ішіндегі қалааралық жолаушылар тасымалы көліктерінде жеңілдетілген жолақы қарастыру қажет. Сондай-ақ, «Республиканың 100 үздік педагогі» жобасын іске қосуды ұсынамын», — деді ұстаз
Ол педагогтардың зейнетақы төлемдері көлемінің бірыңғай есебімен зейнетке шығуы керек екенін айтты.
«Бұл ұсыныстар мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға ықпал етуі керек. Біздер – қоғам, мемлекеттік басқару органдары, ұстаздар, ата-аналар қауымы, кәсіподақтар педагог мәртебесін арттыру ісінде бірге болуымыз керек. Себебі, ұстаз мамандығының артында ел болашағы, Қазақстанның келешек ұрпағының болашағы тұр. Бұл мақсаттан асқақ ештеңе жоқ», — деп тәмамдады Эльмира Қойлыбаева.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында педагогтар мәртебесі туралы заң әзірлеу және қабылдау қажеттілігін атап көрсеткен болатын.