Білім беру жүйесіндегі жылдар бойы көзге көрінбей келген мәселелер цифрландырудың арқасында белгілі бола бастады. Үкіметтің соңғы кеңесінде бұл мәселе ресми деңгейде көтеріліп, жекеменшік мектептерді қаржыландырудан бастап, кадрлық саясатқа дейінгі бұзушылықтар талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қаражаттың әр тиыны мақсатты жұмсалып, көлеңкелі схемаларға жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті. Цифрлық мониторинг қызметтері анықтаған фактілер жаға ұстатады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Цифрландыру көлеңкелі схемаларды әшкереледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, цифрландыру ауқымды «көлеңкелі схемаларды» әшкерелеп, бұрын-соңды байқалмаған заңбұзушылықтардың бетін ашты.
Министрліктің деректері бойынша, ресми еңбек шарты жоқ болса да, зейнетақы жарналары аударылған 40 мыңға жуық адам анықталған. Кейбір жағдайларда қызметкерлер бір өңірде мектепте жұмыс істейді деп көрсетілгенімен, зейнетақы аударымдары басқа облыстардағы ұйымдардан жүргізілген. Бұл фактілердің бәрі қазіргі таңда Мемлекеттік еңбек инспекциясының тексерісінде.
Сонымен бірге автоматтандырылған кадрлық талдау мемлекеттік реестрде жоқ лауазымдардың мектептерде «пайда болғанын» көрсетті. Мәселен, «мектепке қабылдау жөніндегі директордың орынбасары» немесе «атқарушы директор» сияқты қызметтер әртүрлі білім ұйымдарында тіркелген. Енді реестрді біріздендіру бойынша жұмыс басталды.
Әлеуметтік қолдаудың жаңа цифрлық моделі
Кеңес барысында халықты әлеуметтік қолдаудың жаңа цифрлық платформасы да таныстырылды. Бүгінде дерекқорлар 4,5 миллион адамды қамтып отыр.
Жаңа «отбасыны қаржыландыру жоспары» әлеуметтік міндеттемелерді болжап, әр отбасыға тиесілі барлық мемлекеттік қолдауды бір терезе арқылы көруге мүмкіндік береді:
— атаулы әлеуметтік көмек,
— спорт секцияларын субсидиялау,
— балабақшаға қолдау және басқа да төлемдер.
Премьер-министр трансформация нәтижесі халыққа нақты сезілуі керектігін басып айтты. 2024 жылы цифрландыру мен әлеуметтік алаяқтыққа қарсы шаралар нәтижесінде бюджетке 299 млрд теңге қайтарылған. Алдағы үш жылда тағы 135 млрд теңгені үнемдеу жоспарланып отыр.
Жекеменшік мектептердегі жасырын индустрия ашылды
Жекеменшік мектептер мемлекеттік тапсырыс арқылы заңға қайшы әрекеттер жасап келген.
Биылдан бастап «Қаржылық орталық» АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігіне берілген еді. Қазіргі таңда e-Qazyna.kz порталында іске қосылған OrtaBilim сервисі оқушылардың нақты санын, құжаттардың дұрыстығын және мектептің қызмет түрін автоматты түрде тексереді.
Талдау нәтижелері алаңдатып отыр:
— 745 жекеменшік мектептің 155-і мемлекеттік тапсырыстан түскен табысын мүлде көрсетпеген.
— 427 мектептің шамамен 30%-ы тіркелген қызмет түріне сәйкес келмейді.
— Түркістан облысы Мақтаарал ауданында кейбір мектептер құжат бойынша «тойхана» ретінде тіркелген. Шымкентте «сауда орталығы» ретінде.
— 64 мектептегі оқушы саны жобалық қуаттылықтан екі еседен артық көрсетілген.
— Алматы облысында 60 орынға арналған мектеп құжат жүзінде 702 оқушыны қамтыған.
— Астанада 241 орындық мектептің құжаттарында 1003 оқушы көрсетілген.
Сонымен қатар жалған мұғалімдер, «қағаз жүзіндегі» сабақтар және қосарланған қаржыландыру жағдайлары анықталды.
Премьер-министр: “Бір теңге де желге ұшпау керек”
Олжас Бектенов бұл саланы реттеудің маңызын ерекше атап өтті:
«Жүргізілген ревизия жекеменшік мектептерді қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Іс жүзінде мемлекет жиі жағдайда жоқ оқушылар үшін төлеп келген. Бұл нарықта тұтас бір заңсыз индустрия қалыптасқан. Келесі қаржы жылынан бастап бұл салада толық тәртіп орнатылуы тиіс. Бірде-бір мемлекеттік теңге адал емес нарық қатысушыларының немесе шенеуніктердің қалтасында қалмауы керек», — деді ол.
Бұл білім сапасы үшін ғана емес, мемлекет қаржысының әділетті жұмсалуы үшін де аса маңызды.