Бұл цех биылғы жылдың басында пайдалануға берілген. Мұнда 60-тан астам адам еңбек етеді. Цехта өндірілген концентраттар титан шлактары, дәнекерлеуші электродтар, құрылыс материалдары мен отқа төзімді бұйымдарды жасауда пайдаланылады. Цех жоба бойынша жылына 11 мың тонна өнім өндіре алады. Өнімдерді Жапония, АҚШ, Қытай және Батыс Еуропа елдері тұтынады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Елбасының облысқа жұмыс сапары 11-мамырда басталды. Сапар барысында президент көптеген кездесулер өткізіп, Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен жүздесіп, оларға жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті. Сонымен бірге мемлекет басшысы «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның Ақтөбедегі филиалының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.
Сапар барысында Елбасы кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің жалпыұлттық «Атамекен» одағының филиалы өкілдерімен кездесті. Облыстағы зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесінде болып, Ақтөбелік студенттермен кездесті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ полиэфирден әйнекті талшықтармен нығайтылған құбыр және фитинг өндіретін зауытты салтанатты түрде ашты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары «Қазхром ТҰК» АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауытын аралаудан кейін аяқталады.