Мемлекет басшысы қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық белсенділік көрсеткені үшін екібастұздықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап.
– Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Тиісті қаражат бөлінді. Сондықтан бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы төтенше жағдай қайталанбауы үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтып, Президенттен қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандар салу мәселесін көтерді. Атап айтқанда, Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов «Шахтер» саябағына күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін айтты. Ал көпбалалы ана Аяна Смағұлова қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығармашылық үйін салып беруді сұрады.
Мемлекет басшысы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, тиісті тапсырма беретінін жеткізді.
– Дұрыс айтасыз. Назарға аламыз. Қысқа уақыт ішінде Шығармашылық сарайын саламыз. Жалпы, бізге ел көлемінде өскелең ұрпаққа қызмет ететін нысандарды көбірек салу керек. Спортпен айналысу керек екенін айтып жүрмін ғой. Балалаларды спортқа баулу керек. Бірақ ол үшін лайықты спорт алаңдары, стадиондар қажет. Тіпті, ондай спорт нысандар елорда да жетіспейді. Сондықтан әкімдер бұл мәселемен міндетті түрде айналысуы керек, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.