Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара мүдделестікке жол ашатын ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
«Менің сапарым Еуропалық Парламент пен Қазақстан парламентінің қос палатасы арасында тиімді өзара қарым-қатынас қалыптасқанына дәлел бола алады», — деп атап өтті Еуропарламент төрағасының орынбасары журналистермен өткен брифингте.
А.Видал-Квадрас Рока «Еуропалық Одақ үшін Қазақстан — ролі жыл өткен сайын өсе түсетін маңызды стратегиялық әріптес болып табылатыны анық», деп атап көрсетті.
«Біріншіден, Қазақстан Еуропалық Одақ үшін энергетикалық ресурстардың негізгі әрі ірі жеткізушісі ретінде маңызды. Өздеріңізге мәлім, Еуропалық Одақтың энергетикалық саясатының басты сипаты энергетикалық ресурстар импортын әртараптандыру болып табылады. Сондықтан да біз әлемдік нарықты көмірсутегімен қамтамасыз етуші басты елдердің бірі ретінде Қазақстанның өсіп-өркендеуін аса ыждағаттылықпен қабылдаймыз. Екіншіден, Еуропалық Одақ қазіргі әлемде Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің айқын дәлелі ретінде қарастырады. Үшіншіден, Қазақстан көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамның бейбіт қатар үйлесімді өмір суруінің жарқын үлгісі саналады. Бұл орайда сіздердің тәжірибелеріңіз әлемнің көптеген елдеріне тиімді болуы мүмкін», — деді еуропалық парламент өкілі.
А.Видал-Квадрас Рока сондай-ақ Еуропарламент мүшелерінің басым бөлігі Қазақстандағы саяси және демократиялық өзгерістердің даму ырғағын, демократиялық институттардың сапасын оң бағалайтынын жеткізді.
Кездесуде сондай-ақ Қазақстандағы алдағы сайлау науқаны да талқыланды.
«Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Еуропарламент тарапынан сайлауға бақылаушы ретінде қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдірдім. Біз Еуропалық бақылаушылардың қатысуы Қазақстандағы президенттік сайлауға баға беру мен жариялау барысында жағымды рөл атқаратынына сенімдіміз. Еуропалық Парламентте алдағы сайлау таза, әділ әрі демократиялық негізде өтеді деген сенімділік басым», — деп атап көрсетті Еуроодақ парламентінің өкілі.
Сондай-ақ А.Видал-Квадрас Рока мемлекет басшысына Еуропалық Парламент президентінің ресми жолдаухаты мен Испания Королінің жеке хатын табыс етті.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті