Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

  • 14 Қараша 2012
  • 382
Фото - Caravan.kz

Отырыста Каспий маңы өңірінің инфрақұрылымын дамыту келешегі және Қазақстан мен Орта Азиядағы өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.

Мемлекет басшысы еліміздің Каспий маңындағы өңірлері біркелкі және кешенді дамуы қажеттігін атап өтті. Мемлекеттің экономикасы мен қауіпсіздігі үшін республиканың әр облысының рөлін, орны мен маңызын анықтау қажет. Осы орайда, нақты өңірдің өзіне тән ерекшеліктері кеңінен пайдаланылуы керек. Мысалы, Каспий маңы облыстары көмірсутек өндіретін негізі аудан, сондай-ақ Қазақстанның бірден-бір теңіз қақпасы болып саналады.

— Осы жылдар ішінде өңірдің экономикасына мол мемлекеттік инвестиция тартылды. Бүгінде ол қарқынды дамуда және еліміз үшін маңызды рөл атқарады. Өңірдің болашақ дамуының стратегиясын әзірлеп, атқарылған жұмыстарға талдау жасайтын уақыт келді. Біз тек қана өнім өндіріп, оны қайта өңдеп және сыртқы нарыққа экспорттап қана қоймай, инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту жөнінде не істеуіміз керек екенін анықтауға тиіспіз. Білікті мамандарды даярлау және жұмысқа орналастыру — маңызды мәселе. Инфрақұрылымдық жоспарда Каспий өңірінде туризмді дамыту және экологияны сақтау мәселесін қарастыру қажет, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов пен Маңғыстау облысының әкімі Б.Мұхамеджанов өңірдегі экологиялық проблеманы шешу процесінде жергілікті атқарушы органдардың рөлі туралы баяндады. Атап айтқанда, олар өңірлік экономиканың құрылымын әртараптандыруға бағытталған жаңа өндірістер құру жөніндегі салалық министрліктердің іс-қимылын үйлестірудің маңыздылығына назар аударды.

Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков өз баяндамасында Мемлекет басшысын елдің батыс бағытындағы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар жайынан хабардар етті. Олар әскери-теңіз күштері үшін қажетті инфрақұрылым құру мәселесін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Каспий маңы облыстарын индустрияландыру, жұмысқа орналастыру, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, туризмді дамыту мәселесін талқылады. Қоршаған ортаны қорғау және Каспий теңізінің биологиялық әртүрлілігі, судың ластануына, соның ішінде мұнайдың төгілуіне жол бермеу қажеттілігі атап өтілді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға өңірдің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблеманы шешу жөнінде қажетті шараларды әзірлеуді және іске асыруды тапсырды.

Сондай-ақ отырыс барысында Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов пен «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры А.Жанқұлиев Мемлекет басшысына Қазақстан мен Орта Азиядағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты проблемалық мәселелер жөнінде баяндады.

Қазақстан Президенті қалыптасқан жағдайға баға берді және барлық өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін негізгі шаралар кешенін белгілеп берді.

— Біздің өңірде қалыптасқан жағдайды жете қарастыру қажет. Өзара қарым-қатынастардың одан әрі дамуы жүйелі талдауды, ұдайы мониторингті және стратегиялық шешімдер әзірлеуді талап етеді. Еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғау үшін халықаралық саясаттың басымдықтарын анықтау маңызды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы суды пайдалану, энергетика мен көлік салаларында кездесетін проблеманы шешудің, сондай-ақ біздің мемлекеттердің мүддесін ескере отырып, бірлескен экономикалық жобаларды әзірлеудің және іске асырудың маңызды екенін атап көрсетті. Осыған байланысты көрші елдермен экономикалық кооперацияны кеңейту жөнінде келешек қадамдар анықталды.

Бұдан басқа, отырыста лаңкестікпен, діни экстремизммен және заңсыз есірткі айналымымен күресті жандандыруға ерекше назар аударылды. Біздің өңірде қалыптасқан жағдай, сондай-ақ 2014 жылы Ауғанстаннан халықаралық коалиция әскерлерінің негізгі бөлімдерінің шығарылуына байланысты оның даму мүмкіндігінің болжамы жоғарыда атап өткен қауіп-қатерлерге барынша назар аударуды талап етеді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қазақстанның күш құрылымдарының алдына ортаазия өңірі елдеріндегі серіктестерімен өзара іс-қимылды күшейту міндетін қойды.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзге мәселелері қаралды.

Талқылаудың қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар