"Мемлекет үшін қауіпті": Талғардағы оқиғада әділдік орнамаса, халық "самосуд" жасайды - kaz.caravan.kz
  • $ 489.06
  • 536.21
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
10 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Мемлекет үшін қауіпті": Талғардағы оқиғада әділдік орнамаса, халық "самосуд" жасайды

"Мемлекет үшін қауіпті": Талғардағы оқиғада әділдік орнамаса, халық "самосуд" жасайды

Шырқыраған әкесі “полиция дүкен алдынан түсірілген видеоны өшіріп тастағанын” айтады. Ал олар видеоны өшірмей қолдандық деп ресми парақшасына скрин салыпты.

  • 9 Қазан
  • 497
Фото: видеодан алынған

Талғарда бір топ жігіттің қолынан мерт болған баланың туыстары күдіктілердің жартысы ұсталмаған деп есептейді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Талғардағы жағдай бәрімізді алаңдатып отыр. Бір топ жігіт дүкенге сыра алуға барып, ақшасын төлемей қойған. Ақысын төлеуді талап еткен дүкен иесін ұрып-соққан. Достарын шақырып, әкесіне көмекке келген 16 жастағы бозбаланы пышақтаған, суық қарумен ұрып, әбден өлімші етіп сабаған. Соның кесірінен жас жігіт ажал құшып отыр.

«Сыра ішем деп есіріп, біреудің әлпештеп отырған баласын әке-шешесінің көзінше өлтірген оңбағандар Алматыдағы ықпалды кісілердің туысы деседі. Кей дерек бойынша, оқиғаға 11 жігіт, 2 қыз қатысы бар көрінеді. Қазір оқиғаға қатысты 7 жігіт ұсталыпты. Қалған төртеуі бостандықта жүр. Ұзынқұлаққа сенсек, ықпалды туысы бар осылар екен», — деп пікір білдірді заңгер Ляззат Ахатова.

Кеше Талғарда бір топ жергілікті тұрғын полиция басқармасының алдында жиналды. Егер тергеуді әділ жүргізбесе, өртеп жібереміз деп канистрмен бензин әкеліпті. Бір жағынан, жергілікті тұрғындарды түсінуге болады. Таныстары арқылы кінәлілер жазадан құтылып кетеді деп алаңдайды.

Дегенмен заңды аттап өтіп, «қанға қан» деген ұстанымға сүйену дұрыс емес. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер ұсталады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаны тікелей бақылауына алғанын мәлімдеді.

«Елімізде қылмыс жасап, сосын жазадан құтылып кету үшін түрлі құйтырқы әрекетке баратындар табылады. Дегенмен ондай құтырып, ойына келгенді істейтіндерге «самосуд» емес, заңды жазаға тарту керек. Қалай дегенмен, біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз ғой. Министр бақылауына алған екен. Енді, қылмыскерлер қайда барса да, қашып құтыла алмайды. Халық та бұған жол бермейді. Бірақ «самосуд» жасап, күш қолдану қажет емес. Қатаң жаза қолдануды талап етіп, қоғамдық бақылауда ұстайық», — деп жазды заңгер.

Бұл уақытта әлеуметтік желіде Талғарда бозбаланы өлтірді деген күдіктілердің суреті тарады.

Желідегі фотода жетеуінің суреті бар. Оның екеуінің сотталғаны жазылған. Шерзатқа пышақ сұққан жігіт бұрын сотталғаны, 2000 жылы дүниеге келгені көрсетілген. Ал әу баста сыра барған жігіт – 1993 жылғы көрінеді. Айта кетейік, Алматы облыстық прокуратурасы сот санкциясымен жеті адам қамауға алынғанын хабарлаған еді.

«Мен Президенттен осы ауданның бас прокурорын, әкімнің орынбасарын, полиция басқармасының басшысын алып тастауды талап етемін. Және олардың менің баламның ісіне араласпауын сұраймын. Кім кепіл? Қара халықтың балалары өле беруі керек пе? Баламды аман алып қалуым мүмкін еді, өзім дәрігермін, білемін, жүрегіне не өкпесіне пышақ сұқса түсінемін, бірақ қансырап жатқан баламды өзім ауруханаға апарып, құтқарып қалар едім, Айуандық жасап, анасының қолында жатқан баланы әрі қарай басынан мылтықпен ұрып өлтіріп тастағандары не деген хайуандық? Дер кезінде ешқандай көмек келген жоқ», — дейді марқұмның әкесі.

«Не деген масқара мынау? Бауырымның басы екіге айырылып кеткен, денесін көру мүмкін емес. Сондықтан мылтықпен ұрған үш жігітті өмір бойына немесе кемінде 30 жылға түрмеге қамауын талап етемін. Егер менің талабым орындалмаса, қолымда бензин құйылған зат бар, өзімді өртеймін де, полиция басқармасындағы адамдардың барлығы зардап шегеді», — дейді шырылдаған марқұмның әпкесі.

Шырқыраған әкесі “полиция дүкен алдынан түсірілген видеоны өшіріп тастағанын” айтады. Ал олар видеоны өшірмей қолдандық деп ресми парақшасына скрин салыпты.

«Не болса да, қылмыстық топтың арасында дөкейдің балалары бар деген сөз бекер шықпаған-ау. Видеода топырлап 15 адамның сұлбасы көрінеді. Қамалғаны жетеу», — деді журналист Гүлмира Әбіқай.

Айтбек Амангелді Талғардағы төбелесте қаза тапқан жасөспірімнің отбасына тегін адвокаттар беруді ұйымдастырып берді. Отбасына Асқар Қаймақов, Карина Көшербаева және Марал Жайлаубаева есімді адвокаттар көмек көрсетуде. Іске құқық қорғаушы Саида Тәуекелова да қосылды. Ол оқиғаның куәгерлерін құқық қорғау органдарымен ынтымақтастыққа шақырды.

“Біз отбасыға тегін қызмет көрсетуге келіскен үш адвокатты ұсындық. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, адвокаттар құқық қорғау органдарымен бірге зардап шеккендерден сұрақ-жауап алуда. Іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. Жанжал кезінде жігіттің әкесі мен ағасы да зардап шеккен”, – деді Айтбек Амангелді.