ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға сәйкес, Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алуға болатын азаматтардың 10 тобы қарастырылған.
Баспананы меншігіне тегін алуға болатын тұрғындар тізіміне:
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары енген. Ұлы Отан соғысының мүгедегі немесе қатысушысы қайтыс болған жағдайда, баспананы тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;
- 1 және 2-топтағы мүгедектер;
- Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы нысандарда апат салдарын жоюға қатысқандар;
- Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер;
- КСРО-ны қорғау кезінде, әскери міндеттерін орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты сырқаттанғандар, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезiнде жараланып, контузия алу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;
- Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтар;
- күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек еткен әскери қызметшiлер (қызметтен шығарылған әскери қызметшілерді және қызметкерлерді қоспағанда), сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
- ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер құқылы. Тұрғын үй берілген ғарышкерлікке кандидат немесе ғарышкер қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, баспананы өтеусіз алу құқығы оның мұрагерлеріне ауысады;
- саяси қуғын-сүргiндер құрбандары, сондай-ақ "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Заңға сәйкес ақталған, мүгедектігі бар адамдар;
- қызметін атқару кезінде қайтыс болған әскерилердің отбасы мүшелері енген.
Мемлекеттің тұрғын үй қорындағы баспананы тегін алатын азаматтар ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 13-бабында көрсетілген.