Мемлекеттік айыптаушылар Челахты өмірбақи түрмеге тоғытуды сұрады - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекеттік айыптаушылар Челахты өмірбақи түрмеге тоғытуды сұрады

Мемлекеттік айыптаушылар Челахты өмірбақи түрмеге тоғытуды сұрады

Арқанкергенде 15 адамды қырды деп айыпталған Челах енді қалған өмірін темір торда өткізуі мүмкін. Бүгін осы қанды қылмысқа қатысты өтіп жатқан сот барысында мемлекеттік айыптаушылар қарағандылық сарбазды өмірбақи бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ жәбірленуші жақтың 83 млн теңге моральдық шығынын да Челах өтесін деп отыр. Айта кетейік бүгінгі жарыссөзде прокурорлар мен жәбірленуші тарап қана тыңдалды. Өйткені Челахтың өзі оған қатыспайтынын айтып, соттағы соңғы сөзінен де бас тартқан.

  • 8 Желтоқсан 2012
  • 322
Фото - Caravan.kz

Айтса айтқандай атышулы сот процесі немен аяқталады, Челах қаншаға жылға абақтыға қамалады деген сұрақтар қаулап кеткен еді сот басталғалы. Бүгін процестің үшінші аптасының соңында ғана жарыссөз жолға қойылды.

57 том қылмыстық істі мемлекеттік айыптаушылар 4 сағаттан астам уақыт оқыды. Тәптіштеп тұрып түсіндірді, айғақтарын айтты, соңында судьядан ең ауыр жазаны сұрады Челахқа.

Александр Кирьяк, мемлекеттік айыптаушы:

— Жазаны жұмсартуға ешқандай негіз жоқтығына байланысты, Челахты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Және жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтесін.

Үш прокурор үш жақтап оқыған Челахты айыптайтын хаттамаларының соңында талап етілген моральдық шығындарға да тоқталып кетті. Процесс басталғалы үш аптаның ішінде бауыр еті балаларын жоғалтып қамыққан жандар Челахтан 83 млн. теңгеден астам қаражатты өндіріп беруді талап еткен, соны қанағаттандыруды сұрады прокурорлар. Тек әскери бөлімнен 30 млн теңге талап еткен Ақылбаевтардың арызын қарастыруды қажет деп таппады. Жарыссөз барасында адвокат Сәрсенов қатты шаршады ма әйтеуір қалғып-мүлгіп жартылай ұйықтап отырды орнында. Ал процесс барасын жіті бақылаған жәбірленушілер жарыссөзде өздерінің құқықтарын толық пайдаланды.

Төкен Сәрсенбаева, марқұм Талғат Сәрсенбаевтың анасы:

— Баламның жаны да, қаны да Челахтың мойнында деп бір ауыз сөз айтамын. Өлімге беріңіздер, біз қабырғамыз қайысып жылап тұрғанда, шешесі сағыз шайнап күліп отыр соған да ыза боламыз.


Бағлан Қапанов, марқұм Данияр Балғабаевтың әкесі:

— Мына жауыз Қарағандыда тұратын Челахты офицерлермен неге жіберді мұндай жауыз адамды?Мен Челахты әкесінің тәрбиесін көрмеген жауыз адам деп санаймын.

Ал Арқанкергендегі қанды қырғыннан соң сүйегі табылмаған Мейірхан Именовтің әкесі ұлын үшті-күйлі жоғалды деп тануды талап етті. Жәбірленушілерден соң кезекті рет арыз айтуға ұмтылған Сәрсенов мырзаға жарыссөзде жағаласуға болмайды деп ескерткен еді прокурорлар. Бірақ оны құлағына қыстырмай ашуға мініп аттандап шықты адвокат.

— Запишите, наплевать мне на мнения государственного обвинения. Начинает тут придумывать всякую ф..ю. Я не приеду просто и все.

Сот процесі тым ұзарып кетті деп кейіген жәбірленушілер тағы бір апта күтеміз деп уағдаласып кетті.

Қалай деп құйғытса да бүгін де сот залының табалдырығын аттап баспаған айыпталушы Владислав Челах адвокаттарына жарыссөзге қатысуға тыйым салыпты. Бірақ судья ондай талап-тілек сот процесінің соңында білдірілмейді деп кесіп айтты. Енді алдағы дүйсенбіде адвокат Сәрсенов қолда бар айғақтарын айтып, қорғауындағы азаматты ақтап көрмек. Айта кету керек, Челах бүгін сот процесі соңындағы соңғы сөзін айтудан да алдын-ала бас тартты.