«Сайлау алдындағы науқан барысындағы біздің жұмыс принциптеріміз мынадай төрт ұғыммен айқындалады: обьективтілік, бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізу мүмкіндігінің теңдігі, әділетсіздікке бой алдырмау және әрбір үміткердің іс-қызметіне қатысты ақпаратты таратуда заңдылыққа бағыну болмақ»,- деп атап көрсетті «Казахстанская правда» Республикалық газеті» АҚ-ның президенті Олег Квятковский.
Ол сайлау алдындағы науқан қызған сәтте әсіресе мемлекеттік БАҚ-тарға заңға бағыну тұрғысында үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. «Мемлекеттік БАҚ-тар үшін заңдар мен белгіленген тәртіптерді бұзу — тиімсіз. Сайлау алдындағы науқан кезінде мемлекеттік БАҚ-тарға отандық және халықаралық бақылаушылар тарапынан жасалатын мониторинг күшейеді. Сондықтан да біз әділеттіліктен бір қадам да бұлтара алмаймыз»,- деді «Казахстанская правда» газетінің басшысы.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның президенті Сауытбек Әбдірахманов сайлау алдындағы бағдарламасын жариялау тұрғысында барлық үміткерлерге бірдей мүмкіндіктер берілетінін атап өтті. «Президенттіктен үміткер қазіргі биліктің мүддесін қолдай ма, әлде оппозицияның жағында ма дегенге қарамастан, барлығына бірдей уақыт немесе басылым бетін беру міндетін біз заң бойынша жүктейміз»,- деді С.Әбдірахманов. Ол осы орайда еліміздегі ірі БАҚ-тар арнайы Хартияға қол қойып, барлық үміткерлерге теңдей жағдай жасауға міндеттеме жүктеп алғанын еске салды. «Біз барлық үміткерлерге бірдей уақыт бөліп, әрбір үміткердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын ешкімді алаламай, ашық көрсетуге уағдаластық»,- деді «Қазақстан» ТРК-ның президенті Ғалым Доскен. Хартияға түрлі меншік тұрпатындағы 22 БАҚ қол қойды.
Сонымен бірге баспасөз мәслихатына қатысушылар сайлау алдындағы науқан барысындағы іс-қызметі «жаңалықтар топтамасымен жақсы қабысып», оқырмандар үшін қызығушылық тудырған үміткерге Орталық сайлау комиссиясы белгілеген шектеуден тысқары эфирден қосымша уақыт немесе басылым бетінен қосымша орын берілетінін мәлімдеді.
Мәселен, О.Квятковскийдің айтуынша, «Казахстанская правда» газеті билікті сынаған материалдарды да жариялай алады, бірақ ол үшін материалдарда «жалған жала, қорлау және жеке басқа тиісу сипатындағы мәліметтер болмауы тиіс». «Мұндай сырттай жарыссөз (полемика) сипатындағы материалдар үшін пікірталас барысында заңға бағыну, пішім және рең сынды факторлардың маңызы зор»,- деді ол. Бұған қоса республикалық басылымның жетекшісі сайлау науқаны мемлекеттік БАҚ-тарға қосымша қаржы табуға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Біз — акционерлік қоғамбыз. Мемлекеттік бюджет біздің шығындарымыздың мардымсыз бөлігін ғана көтереді. Сондықтан біз ақша табуға тиіспіз»,- деді ол.
«Хабар» агенттігінің бас директоры Исмаил Игильманов сайлау алдындағы науқан жайында ақпарат тарату барысында тапқан қаржының бір бөлігі телекомпанияның мамандарды жұмысқа жегуге жұмсаған қосымша шығындарының орнын толтыруға кететінін жеткізді. «Мұндай науқан кезінде біз заңгерлер, тіл мамандары мен журналистерді жұмысқа көптеп тартамыз. Біздің шығындар осыған жұмсалады»,- деді ол.
Баспасөз мәслихатына қатысушылар сайлау алдындағы науқанды әділетті, кәсіби әрі дұрыс хабарлап отыру принципіне барлық БАҚ-тар бағынуы тиіс екенін, өйткені, елдің кескін-келбетін басылымдар қалыптастыратынын атап көрсетті. «Сайлау алдындағы науқан туралы ақпарат сыңаржақтықтан ада, біреуге бұра-тартпай дұрыс тілмен халыққа жеткізілуге тиіс»,- деді О.Квятковский. «Оның үстіне өмір бір сайлаумен бітпейтіні түсінікті. Сайлаудан кейін журналистердің бір-бірінің бетіне тайсалмай тура қарап, бірге отыруға, қызармай амандасуға мүмкіндігі болуының маңызы зор»,- деді ол.
>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті