Мемлекеттік комиссия мүшелерінің баспасөз мәслихатында хабарлағанындай, апат техногендік деп саналды. Сондай-ақ, оның шығуына газ құбырын тарту және жобалауда пайдаланылған техникалық сипаттамалардың қазіргі заманғы нормативтік құжат талаптарына сәйкес болмай шығуы да түрткі болған. Бұған қоса мемлекеттік комиссия құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында жоба және Құрылыс нормалары мен ережелерінен ауытқу шыққанын анықтады. Бұл жайттардың барлығы магистральді газ құбырының 52-шақырымында жарылыс шығуына себепкер болды.
Комиссияның тексеруі барысында құрылыс ұйымдары мен пайдаланушы жақтардың қай-қайсысынан да лауазымдық міндетін дұрыс орындамай, қолданыстағы нормативтік құжаттардың талабынан ауытқуға жол берген бірқатар лауазым иелері анықталды. Бұлардың жауапкершілігі тергеу материалдарының негізінде нақтыланады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 1-қарашада Батыс Қазақстан облысының Қазтал ауданында 11 сағат 10 минутта «Орталық Азия-Орталық» ЖАҚ-ына қарасты САЦ 4-1 газ құбырында тұрба үзіліп, газ жарылды. Оқыс оқиға салдарынан «Қазстройсервис» мердігерлік ұйымының үш жұмысшысы күйік салдарынан қаза тапты. Олар жарылған құбырмен параллель САЦ-3 құбырын жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген. 1 және 2-дәрежелі күйік алған тағы үш жұмысшы Қараоба ауылындағы ауруханаға жатқызылды.
Мемлекеттік комиссияның ақпаратына сәйкес, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына әлеуметтік көмек көрсетіледі.