Жарияланды: 700

Мемлекеттік органдар мүліктік залалдың орнын толтыруға тиісті көңіл бөлмей отыр

Бүгін Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратураның алқа мәжілісі болып өтті.

Онда қылмыстық процестегі қадағалау жай-күйі және азаматтық талап арыздарды қарау тәжірибесі, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыс, соның ішінде есірткі бизнесі саласындағы қылмыстылыққа қарсы күрес тиімділігін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі. Алқа жұмысына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің басшылары мен қызметкерлері, бейнеконференциялық байланыс арқылы облыс прокурорлары мен өңірлік құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Бас прокуратура жүргізген талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдар өз әлеуеттерін толыққанды пайдалана алмай отыр. Жасалған қылмыстары үшін жазаның болатыны туралы мәселені қарастыра отырып, жапа шегушілердің бұзылған құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру және мүліктік залалдың орнын толтыру мәселелеріне қажетті деңгейде назар аударылмайды. Ал қылмыстан жапа шегушілердің негізгі бөлігіне дәл осы мүліктік залалдың орнын толтыру өмірлік маңызды мәселе болып табылады. Қалыптасқан жағдай кінәлі тұлғалардың мүліктерін анықтау бойынша қабылданып отырған шаралардың жеткіліксіздігі салдарынан болып отыр, бұл өз кезегінде мүлікті өндіріп алу немесе тәркілеуден жалтаруға жағдай туғызады. Мысалға, 2011 жылы 284 млрд. теңгені құрайтын қылмыстар келтірген шығынның жалпы сомасынан 33 млрд. өндірілген. Ағымдағы жылы 137 млрд. теңгеден 109 млрд. теңге өндірусіз қалып отыр. Мүліктік залалдың орнын толтыру бойынша жұмыстардың нәтижелілігін арттыру мақсатында уәкілетті органдардың алдына шығынның орнын толтыру және зардап шеккендердің құқықтарын қалпына келтірудің тиімді тетігін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар дайындау тапсырмасы қойылды. Азаматтық сот өндірісі тәртібінде шығын сомасын өндіру бойынша жұмыстардың белсенділігін арттыру, сондай-ақ мемлекетке шығын келтірумен байланысты сотқа жолданған қылмыстық істердің барлығы бойынша азаматтық талап арыздарға бастама көтеру қажеттілігі атап көрсетілді. Өңірлік прокурорларға айыпталушы тұлғалардың мүліктерін анықтау және жасалған қылмыстардан зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу бойынша алдын-ала тергеу және анықтау заңдылығына қадағалауды күшейту тапсырылды. Жиналыста сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа, соның ішінде есірткі бизнесі саласындағы қылмыстылыққа және құқық бұзушылыққа тосқауыл қою бойынша құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын арттыру мәселелері қаралды. Есірткі қылмыстарымен күрестің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында осы саладағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған шаралар кешені ұсынылды. Сондай-ақ есірткі заттарының келу және тасымалдау арналарын анықтау, контрабандамен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ қызметтерінің жолын кесу бойынша шекаралас мемлекеттердің уәкілетті органдарымен өзара іс-қимылдың нысандары мен әдістерін жетілдіру қажеттілігі атап өтілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін