Жарияланды: 400

Мемлекеттік қабылдау комиссиясының өкілдері Астанадағы проблемалы деген тұрғын үйлердің құрылыс барысын қадағалауды одан әрі жалғастыруда - телеарна

Астана. 3 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекеттік қабылдау комиссиясының өкілдері Астанадағы проблемалы деген тұрғын үйлерді аптасына екі рет аралауда. Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов қайтадан салына бастаған нысандарды аралап көрді, деп хабарлайды "Хабар" агенттігі.

Қазір соттың шешімен 19 тұрғын үй кешені "Жаңа құрылыс" серіктестігінің меншігіне өткен. Алайда, Астана басшысы кеше 19 үйдің тоғызын ғана салып бітіреміз деді. Кейбір ғимараттар тіпті екі - үш жыл бойы тұрып қалған, құрылысы әлдеқашан жарамсыз болып қалған. Сондықтан, жаңа мердігер компаниялар қайтадан жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға мәжбүр. Ал, бұрынғы құрылысшылар сот жағалап жүр, қаладағы 29 ғимаратты "Жаңа құрылыс " серіктестігінің меншігіне өткізіп беру туралы үлескерлер сотқа шағым жасаған, жақында олардың он тоғызы бойынша шешім шықты. Тоғыз тұрғын үй келесі жылдың ортасына дейін пайдалануға берілетін болды. Алайда, қалған 10 ғимаратты "Жаңа құрылыс" мекемесінің қарамағына алғанмен, оны салып беру тиімсіз, шығыны көп, құрылыс басталмаған, ескі үйлерді сырып тастау үшін 7 миллиард теңге кетеді. Дегенмен, әкім үлескерлер үйсіз қалмайды дейді. "Біз үлескерлермен бірігіп отырып, олардың төрағаларымен бірігіп отырып келістік, 19 емес, 9 бітіреміз, сол 9-на қалған бірлестіктерден алданып қалған үлескерлерді бөлеміз, бірақ әрине олардың бәрі осы 9 салынып жатқан құрылысқа үлестіру мүмкін емес, пәтерлер жетіспейді, сондықтан, жаңа құрылысты бастап жатырмыз, соған 630 үлескер ауысады,- деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов. Елбасының үлескерлер мәселесіне қатысты тапсырмасы жоспарлы түрде іске аса бастады. Үкімет проблемалы тұрғын үйлердің құрылысын жалғастыру үшін 17 миллиард теңге бөлді. Әкімдік жанынан "Жаңа құрылыс" мекемесі құрылды. Тоқырауға ұшыраған құрылыстың бетіне қан жүгіре бастады. Бұйыртса, үш мың адам көп кешікпей көп күткен қонысына да көшеді, дейді Хабар журналистері. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін