Жарияланды: 500

Мемлекеттік қордан баспана алуға кезекте тұрған жетім балалардың жасына қарай шектеуді алып тастайтын заң жобасы мақұлданды

ҚР парламентінің мәжіліс депутаттары сәрсенбі күнгі алқа отырысында екінші оқылымында «Тұрғынүй қатынастары мәселелері жөніндегі кейбір ҚР заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.

Құрылыс және ТКШ жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюктің айтуынша, заң жобасымен мемлекеттік қордан баспана алу үшін жетім балалар мен қараусыз қалғандар үшін жас жағынан қойылған шектеу алынып тасталады. «Бұрынғы заңда жетім балалар 23-ке дейін баспана алу кезегінде тұра алады деп жазылған болатын... Біз ол норманы баспана алғанша деп ұзарттық. Яғни ол баспана алғанша жеңілдік кезегінде тұра береді. Жалғыз басты аналарға да солай», - деді Николай Тихонюк журналистерге сәрсенбі күні мәжілістің алқа отырысының кулуарында. Түзетулер сондай-ақ тұрғынүй инспекциясының құзыретін айқындайды. Олардың міндеттеріне кооператив жетекшілерінің қызметтеріне бақылау жүргізу мен тұрғын үй қорының жағдайын бақылау кіреді. Заң жобасымен пәтер иелері міндетті түрде ортақ мүлікті түбегейлі жөндеуге қажет ортақ жинақ шотын ашулары тиіс. «Халық, меншік иелері ретінде, келешекте, айталық, шатыр жөндеуге қаржы жинай берулері тиіс. Өздері жиналыс ашып, ай сайын ол шотқа қанша салып тұратындықтарын келісулері тиіс», - дей отырып, Н. Тихонюк, кеңестік дәуірде осындай жүйе болғандығын айтты. Түзетулермен ортақ мүлікті күтуге қажет қаражатты төлемеген қарыздарды сот арқылы пәтер меншік иелерінен өндіріп алу да қарастырылған. Мұндай норма қолданыстағы заңда да бар және ол «ұзақ процедура» болды, деп түсіндірді төраға орынбасары. «Енді сот бұл мәселені бұрынғыдай 2-3 ай күтпей, бірнеше күннің ішінде қарауы тиіс, яғни мерзімі өзгерді», - деді Н. Тихонюк. Заң жобасымен мемлекеттік қордан тұрғын үйлердің жекеменшікке шығарылмайтын түрлері де айқындалған. Мысалы, бірнеше жалшыға жалға берілген баспана, санитарлық, техникалық нормаларға сай келмейтін, әскери қалашықтардың территориясындағы, бұзылуға жататын тұрғын үйлер жекеменшікке шығарылмайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть