Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменовтің мәлімдемелері - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменовтің мәлімдемелері

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменовтің мәлімдемелері

Алдағы уақытта мемлекеттік органдарда этика жөніндегі комиссар енгізілуі мүмкін.

  • 7 Қараша 2012
  • 853
Фото - Caravan.kz

Елбасы бірнеше мәрте «Командалық көшудің» сыбайлас жемқорлыққа жол ашатындығын айтқан болатын. Өйткені жемқорлықтың өзі жергілікті азаматтардан басталады. Ал, ондай жағымсыз құбылысты тоқтату үшін заң жобасымен камандалық көшуге барынша тосқауыл қою көзделген»,-деді Ә. Бәйменов.

Сонымен қатар агенттік төрағасы мемлекеттік қызметкерлердің корпоративтік мәдениетін жоғарылату мәселесіне тоқталып, оның ұдайы әрі сатылап жүзеге асуы тиістігін атап өтті.

«Құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар нақтыланып отыр. Бұл ретте мемлекеттік қызметкер осындай кері құбылыстың алдын алуға, оған қарсы тұруға және ол туралы хабарлауға заң жүзінде міндетті болады. Мұның өзі елдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек халықаралық тәжірибені зерделей келе, біз алдағы уақытта этика жөніндегі комиссарды енгізуіміз де мүмкін. Арнайы сертификатталған ондай комиссарлар әрбір мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілер арасынан жасақталуы ықтимал,-деді агенттік төрағасы.
Қос азаматтығы анықталған тұлға мемлекеттік қызметтен бірден шектетілуі тиіс.
Талқылау барысында депутат Рауан Шаекин жобадағы мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптарға тоқтала келе, қос азаматтық мәселесіне де назар аударған болатын.

«Біздің заңымызға сәйкес басқа елдің азаматтығын алған тұлғаға Қазақстан азаматтығы бірден тоқтатылады. Алайда, тәжірибе жүзінде біздің елімізде қос азаматтық алып мемлекеттік қызметті атқарып жүрген тұлғалар бар және олардың басым бөлігінің Ресей азаматтығын алғаны айтылады. Тіпті бұл кейде мемлекеттік құпия саналып та жатады. Сондықтан осы мәселеге қаралып отырған заң жобасы арқылы нақты шектеу бола ма?»,-деп сұрады Р. Шаекин.

Өз кезегінде агенттік төрағасы Ә. Бәйменов қос азаматтықтың конституциямен тыйым салынғанын айтты.

«Ал, біздегі басты проблема мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуға қатысты секілді. Өйткені, шетелдердің барлығы бірдей біздің азаматтарымыздың олардың азаматтығын алғаны туралы ақпарат ұсына бермейді. Кейбір елдерде қос азаматтық құпталады. Сондықтан, мемлекеттік органдарда қызмет ететіндер арасында қос азаматтығы анықталған тұлға бірден шеттетілуі керек. Яғни, қос азаматтық алған мемлекеттік қызметші конституцияға және осы заң жобасының нормасына қайшы келетіндіктен бірден қызметтен шектетілуі шарт»,-деді Ә. Бәйменов.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасы мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тетіктерін, бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесін енгізу, басқарушылық корпусын құру секілді мәселелерді қамтиды.

Сондай-ақ, құжат кадр қызметтерінің рөлін арттырып, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу мен ынталандыру шараларын, қызмет этикасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру арқылы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға бағытталады.

Сонымен бірге заң жобасында мемлекеттік органдардың жұмысында сабақтастықты қамтамасыз ету және жаңа қызметкерлердің бейімделуі үшін тәлімділік институтын енгізу нормалары да қамтылған. Бұдан бөлек облыстарда, қалалар мен аудандарда бірыңғай кадр қызметтерін конкурстық аттестаттау және тәртіптік комиссияларды құру ұсынылады. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауы бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттері жөніндегі міндеттерін көздеу белгіленеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Командалық көшуге» барынша тосқауыл қою тетіктері қамтылып отыр.

Алдағы уақытта кадр саясаты жөніндегі ұлттық және өңірлік комиссиялар құрылады.

АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат — Алдағы уақытта кадр саясаты жөніндегі ұлттық және өңірлік комиссиялар құрылады.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты баяндаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.

«Мемлекет басшысы «командалық көшу» аталатын тәжірибені тоқтату, конкурстан тыс ауысу арқылы кадрларды тағайындауды қысқарту жөнінде бірнеше тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты заң жобасында конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігін мейлінше азайту көзделеді. Ауысу тәртібімен тағайындау тек мемлекеттік органның аясында жүргізіліп, басқа мемлекеттік органдарға ауысу Елбасы белгілеген жағдайларда ғана жүзеге асатын болады», — дейді Ә. Бәйменов.

Төрағаның айтуынша, заң жобасында мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға заңсыз тағайындау, заңсыз жаза қолдану, конкурс өткізу тәртібін бұзу секілді тәртіптік бұзушылық құрамдары белгіленген. Бұған сәйкес, заңсыз кадрлық шешімдері үшін лауазымды тұлғаның жауапкершілігі қарастырылады.

«Заң жобасы аясында құрылатындығы қарастырылған «А» корпусы ҚР Президенті айқындайтын кадр резервіне іріктеу және конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген мемлекеттік деңгейдегі әкімшілік лауазымдар болып табылады. Бұндай арнайы басқарушылық корпус 30-дан астам дамыған елдерде бар. Аталған елдерде мұндай лауазымдарға үміткерлерге арнайы іріктеу рәсімі, арнайы оқу курстарынан өту талаптары қарастырылған», — дейді Әлихан Бәйменов. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы қабылданған соң кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия және өңірлік комиссиялар құрылатыны көзделеді. Бұл ретте «А» корпусына іріктеу, резервке ұсыну осы комиссиялар шешіміне негізделмек.

Мемлекеттік қызметте туысты тарту «дәстүрін» жоюға әбден болады.
Тоқтала кететін жайт, құжатты талқылау барысында депутат Дариға Назарбаева заң жобасына сәйкес мемлекеттік қызметке ұсынуда туыстық, берілгендік белгілеріне тосқауыл қойылатынына тоқталып: «Сіз өзіңіз бұған сенесіз бе?» деп сұраған еді. «Біздің осындай мемлекеттік қызметте қалыптасқан «дәстүрлі механизмді» құрту үшін не істеу керек?» деп сұрады Д. Назарбаева.

«Өз басым бұған сенемін, Дариға Нұрсұлтанқызы. Ондай жағымсыз құбылыс төмендейтініне сенемін. Менің мемлекеттік қызмет істері агенттігіне 11 жылдан соң басшы ретінде қайта оралуыма орай, салыстыру мүмкіндігім болды деп ойлаймын. Қолданыстағы заңды қабылдағанның өзінде бірқатар жағымсыз құбылыстар да төмендеген. Оның ішінде, басшының ауысуына байланысты ауыс-түйіс 3 есеге азайды. Қазір 90-шы жылдарға қарағанда еңбек ресурсының, адами ресурстың шектілігіне байланысты басшылардың өзі қарамағында білікті кадрлар болғанын қалайды. Адами ресурстардың өзі шын мәнінде жеткіліксіз. Өйткені, бірнеше мәрте мемлекеттік органдарды қысқартулар да болды. Жалпы тиімді кадрлық ресурстар басшының алдына жүктелген міндеттерді нәтижелі орындауға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Бәйменов.

Агенттік төрағасының айтуынша, аталған мәселе ең алдымен мемлекеттік қызметтегі корпоративтік мәдениетті жоғарылатумен байланысты. «Бұл барлық мемлекеттік органдардың күш жұмылдыруымен ұдайы әрі сатылап жүзеге асуы тиіс шара.», — деді агенттік төрағасы.

Соңғы жаңалықтар