Жарияланды: 370

Мемлекеттік тіл проблемасын арнайы бағдарлама аясында шешу көзделеді

Тіл проблемаларының барлығын арнайы бағдарлама аясында шешу көзделеді. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басшысы Әлихан Байменов мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, құжаттың таныстырылымы барысында сенатор Болат Жылқышиев мемлекеттік қызмет аясындағы мемлекеттік тіл мәселесін көтерген болатын. «Бірақ, тіл мәселесін айтсақ. Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметте мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің пайдалану дәрежесі төмендеп кетті. Ашығын айтайық, үкімет те мемлекеттік тілде аз сөйлейді, тіпті, кейбір министрліктердің жұмысы толық орыс тілінде жүреді. Мемлекеттік қызметке келген әрбір адамның мемлекеттік тілді білуін міндеттейтін уақыт келген жоқ па!? Менің ойымша, уақыт келді», дей келе сенатор талқыланып жатқан заң жобасы аясында тілге қатысты талапты күшейту қажеттігін алға тартты. «Егемендіктің 20 жылы өтті, сол 20 жылда үйренгісі келгендер үйренді, үйренгісі келмегендерге міндеттеу мәселесін заңға енгізу керек дегенге қалай қарайсыз?», - деді депутаты Болат Жылқышиев. Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Әлихан Байменов соңғы уақытта мемлекеттік қызметшілер арасында тілді меңгеру барынша жақсы жолға қойылғанына тоқталды. «Біріншіден, қазір мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесінде мемлекеттік тілді оқытуға едәуір қаржы бөлініп, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Әрбір мемлекеттік орган жыл сайын өзінің қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруге бағытталған қаржы аясында оларды мемлекеттік тілді үйрену курсына жіберіп отырады. Екіншіден, қазір байқағаным - іс жүргізуде, мемлекеттік органдардың арасында хат алмасу, бір-біріне ақпарат беруде мемлекеттік тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейген. Әсіресе, Президент Әкімшілігі, Үкімет кеңсесімен арадағы хат алмасуда мемлекеттік тіл пайдаланылып келеді », - деді агенттік төрағасы. Оның айтуынша, тіл мәселесінің үлкен саяси астары ескеріліп, ондағы проблемалардың барлығы мемлекеттік және басқа да тілдерді дамыту жөніндегі бағдарлама аясына топтастырылған. Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасы мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тетіктерін, бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесін енгізу, басқарушылық корпусын құру секілді мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ, құжат кадр қызметтерінің рөлін арттырып, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу мен ынталандыру шараларын, қызмет этикасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру арқылы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға бағытталады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін