Мемлекеттік тіл және қызмет көрсету: Шымбұлақтағы жанжал қоғамға нені көрсетті?
Қызмет көрсету саласында ана тілін білу міндет пе? Шымбұлақтағы қазақ тілі дауы қалай шешілді?
26 Желтоқсан
127
Фото: instagram.com/meir.qz
Caravan.kz медиа порталының тілшісі қызмет көрсету саласында орын алған тіл мәселесінің мән-жайын анықтап білді.
Соңғы жылдары тіл мәселесі қоғамда өткір қабылданатын мәселелердің біріне айналды. Кез келген тұрмыстық немесе қызмет көрсету саласында орын алған тілдік түсініспеушілік бір сәтте қоғамдық резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде жаппай наразылыққа ұласады. Мұндай жағдайларда халық эмоцияға беріліп, бойкот жариялауды, жауапты тұлғаларды жұмыстан босатуды, қатаң жаза қолдануды талап етеді.
Көктемде ұқсас жағдай Magnum сауда желісінде тіркелген еді. Қазақ тіліне қатысты дау әлеуметтік желілерде жаппай талқыланып, нәтижесінде курьер қызметінен босатылған. Ол кезде де қоғамдық қысым шешуші рөл атқарған.
Енді тіл мәселесі Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасында болған оқиғадан кейін қайтадан күн тәртібіне шықты. Қоғам тағы да бірден жауап қатты. Алайда бұл жолы халықтың пікірі екіге бөлінді. Бірі мемлекеттік тілге құрмет көрсетілмеді деп есептесе, екінші тарап әдейі болған провокация деп есептейді.
Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto кафесінде болған тілдік жанжал әлеуметтік желіде наразылыққа ұласты. Threads әлеуметтік желісінде жарияланған видеода мейрамханаға келуші қазақ тілінде қызмет көрсету мүмкіндігін сұраған. Алайда мекеме қызметкері дөрекі жауап беріп, мемлекеттік тілді білуге міндетті емес екенін айтқан.
«Бұл жерде ешкім қазақша сөйлемейді, оның несі проблема? Мен КСРО-да туылдым, қаақша сөйлеуге міндетті емеспін. Маған қазақ тілі керек емес», — деген мекеме қызметкері.
Автордың сөзінше, ол тек мейрамханада қазақ тілінде қызмет көрсететін адам бар-жоғын сұраған, алайда Елена есімді қызметкер жанжал шығарып, ер адамды мекемеден күштеп шығаруға тырысқан. Жазба авторы оқиғаға қатысты бейне және куәгерлер барын айтып, мұндай жағдайдың туристік аймақта елдің имиджіне әсер ететінін жеткізді.
«Менің 3 сағат уақытым кетті, ал туристерім суықта күтіп қалды. Оқиғаны дәлелдейтін куәгерлер де, видеожазба да бар. Туристер келетін ортада болып отыр. Мемлекеттік тілді сыйламау — болмашы мәселе емес, мұндай жағдайға көз жұмып қарауға болмайды», — дейді автор.
Шымбұлақ – елге шетелдік және отандық туристер көп келетін нысан. Мұндай жерде мемлекеттік тілге деген құрмет тек мәдени емес, сонымен қатар институционалдық міндет ретінде қарастырылуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, туристік және қызмет көрсету саласында кем дегенде негізгі деңгейде қазақ тілінде қызмет көрсету қалыпты тәжірибеге айналуы қажет. Бұл талап азаматтың жеке көзқарасына емес, жұмыс берушінің стандарттарына және заң талаптарына байланысты болуы керек.
Заң не дейді?
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. «Тіл туралы» заңда мемлекеттік ұйымдармен қатар, қызмет көрсету саласындағы мекемелердің де азаматтардың мемлекеттік тілде ақпарат алуына мүмкіндік жасауы қажеттігі көрсетілген.
Бұл дегеніміз қызметкердің мемлекеттік тілді білуі міндетті түрде еркін деңгейде болуы шарт емес, алайда клиенттің қазақ тілінде қызмет алуға деген заңды сұранысына жағдай жасалуы тиіс. Мұндай жағдайдың болмауы мекеме жауапкершілігі.
Мекеме қызметкері өз нұсқасын Threads желісінде жариялап, ер адамның жала жауып отырғанын және күш қолданғанын мәлімдеді.
«Мына жігіттің не жазып отырғанын қараңыздар. Ол ззін ақтап отыр. Бірақ мені ұрғанын, қорқытқанын және әлеуметтік желіге саламын деп қоқан-лоқы көрсеткенін айтуды ұмытып кетті. Менің ең жақын құрбым қазақ, біз 20 жылдан бері доспыз. Сонымен қатар мен қазақ тілін аздап түсінемін әрі сөйлей аламын», – деді ол.
Бизнес ұтылды
Оқиға Gusto мейрамханасының беделіне тікелей әсер етті. Бірнеше күннің ішінде 2ГИС платформасында 67000-нан аса пікір жиналған. Халық қызметкерлердің қазақ тілін білмеуіне наразылық білдіріп, қызметкерді жұмыстан босатуды талап еткен.
Кейінірек Gusto мейрамханасы ресми парақшасында мәлімдеме жасады. Оқиғаға байланысты ішкі тексеру жүргізілетінін хабарлады.
«Gusto мейрамханасы Қазақстан Республикасының заңдарын және мемлекеттік тілді құрметтейді. Біз қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба мұқият зерттеуді талап етеді. Қазіргі таңда ішкі тексеру жүргізілуде. Оның нәтижесі шыққанға дейін егжей-тегжейлі пікір білдіруден бас тартамыз», – делінген хабарламада.
Қоғамдық резонанс және кешірім
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Іске танымал адвокат Мейірман Шекеев қосылды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықтың қолдауын сұрады.
«Қазақтың тілін менсінбегені былай тұрсын, Бақбергеннің бұл “Қазақстан” дегеніне “не важно” деп жауап бергенін қалай түсінеміз? Мейрамхананың әкімшілігі және Елена ханым кешірім сұрамақ түгілі істі ушықтырмақ ойлары бар екен. Достар бұндай жағдай әліде қайталана береме деген күдікпен , мен астыңғы бейне жазбамда ҚР президентіне 2026 жыл Қазақ тілі-мемлекеттік тіл деп жариялауды сұрадым. Тіркеліп, жан жаққа таратып қолдауларыңызды сұраймын», — деп жазба қалдырды адвокат.
Нәтижесінде Gusto мейрамханасы ресми түрде кешірім сұрап, қызметкердің жұмыстан босатылғанын хабарлады. Біраз уақыттан кейін мекеме қызметкері қазақстандықтардан көпшілік алдында кешірім сұрады.
«Мен өз елімнің халқына үн қатқым келеді. Дұрыс емес сөйлегенім үшін кешірім сұраймын. Мен де Қазақстан Республикасының азаматымын. Эмоцияның әсерімен КСРО-да туғанымды айтып қалдым, ешкімді қорлағым келген жоқ. Сол үшін халқымнан кешірім өтінемін», – деді ол.
Қоғам пікірі екіге жарылды
Желі қолданушылары кешіріммен құтылып кету дұрыс емес екенін жазып жатыр.
«Шара қолдану керек, бәрі кешіріммен құтылып кете береді»
«Соттау керек».
«Қазақ тілін білмейтін адамдарды қызмет көрсету саласына жұмысқа алмау керек. Қызмет көрсету саласында істейсің бе – қазақша үйрен. Оның несі айып? Қазақ бала да дәл солай орысша түсінбеуі мүмкін. Бұл – заңды талап. Мейрамханаға келіп сұрап тұр ғой, көшеде кетіп бара жатқан адамнан талап еткен жоқ. Егер қазақша қызмет көрсетсе, бұл мәселе мүлде туындамас еді».
«Мұндай мейрамханаларға сабақ болсын, бәрібір бойкот жариялау керек».
«Қомақты айыппұл салу қажет».
«Ол «сіздің тіліңізде» деп агрессивті сөйледі».
«Егер администратор болып жұмыс істесең, клиентке кез келген тілде жағдай жасауға тиіссің».
Кейбір азаматтар мұндай жанжалдарды әдейі ұлтаралық алауыздық туғызу деп қабылдап отыр. Мұндай тәжірибенің тамырын кесу керек деп санайды. Осыған байланысты Президентке үндеу жолдап жатыр.
«Адамдар неге ашуға салынады? Жоқ жерден дау тудыруды қою керек. Әдейі адамға тиісіп, арандатушылық видео түсірді. Ал не өзгерді?»
«Бұл қоғамды негізгі мәселелерден алшақтату үшін жасалған кезекті толқын».
«Мәселе тілде емес, агрессия мен арандатушылықта».
«Қыздың кінәсі жоқ, керісінше, осындай алауыздық жасаған ер адамды жауапкершілікке тарту керек».
Тексеру нәтижесі
Алматы қалалық полиция департаменті жанжалға байланысты жүргізілген тексеру нәтижесінде оқиғаның эмоциялық жағдайдың әсерінен туындағанын анықтады. Сот отырысында іс материалдары жан-жақты қаралып, жанжалға қатысқан екі тарап та ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Нәтижесінде әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Сот шешімінен кейін тараптар өзара кешірім сұрап, татуласты, орын алған жағдайға өкініш білдірді. Осылайша, іс бойынша даудың құқықтық нүктесі қойылды.
Сонымен қатар полиция тұрмыстық даулар мен тілдік келіспеушіліктердің қоғамдық тәртіпті бұзатын деңгейге жетпеуі тиіс екенін ескертті. Құқық қорғау органдары ұлтаралық немесе тілдік тақырыптарды арандату құралы ретінде пайдаланудың кез келген әрекеті жол берілмейтінін атап өтті. Мұндай жағдайлар заң аясында бағаланып, тиісті жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені баса айтылды.
Бұл оқиға нені көрсетті?
Аталмыш оқиға қоғамға маңызды сұрақ қойып отыр: Мемлекеттік тілге деген талап қашан эмоцияның емес, қалыпты қызмет көрсету стандартының бір бөлігіне айналады?