Мемлекеттің жасап жатқан жұмыстарының барлығы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталады - президент - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекеттің жасап жатқан жұмыстарының барлығы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталады - президент

Мемлекеттің жасап жатқан жұмыстарының барлығы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталады - президент

Астана. 17 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Президент мемлекеттің жасап жатқан жұмыстарының барлығы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталатынының маңызы зор екенін атап көрсетті. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше республикалық телеарналардың басшыларына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

  • 17 Қазан 2008
  • 557
Фото - Caravan.kz

«Мемлекеттің жасап жатқан жұмыстарының барлығы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Әрине, әл-ауқат экономикада ақша бар жағдайда ғана артады. Ал ақшаның аспаннан жаумайтыны, оны экономика табатыны белгілі. Сөйтіп, бюджетте белгілі бір мөлшерде жинақталған ақшадан халыққа қаржы беріледі. Соңғы жылдары жыл сайын мен тұрғындарды әлеуметтік қолдау туралы мәселе көтеремін. Бүгінде біз «Нұр Отан» партиясының соңғы бағдарламасында ұсынылған бағыттан ауытқымай келеміз. Берген уәделеріміз орындалуда»,- деді Елбасы.

«2 қыркүйектегі парламент сессиясының ашылуына арналған бірлескен отырыста алдағы жылы зейнетақы мен бюджеттік қызметкерлер еңбекақысы — 25 пайыз, 2010 жылы — 25 пайыз, ал 2011 жылы 30 пайыз ұлғаятынын айттым. 2011 жылға қарай базалық зейнетақы төлемі өмір сүру деңгейінің 50 пайызына дейін жеткізілетін болады. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы мемлекеттік төлемақы 2009 жылдан бастап орташа есеппен 9 пайызға артады. 2010 жылдан бастап көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау күшейеді. Үш жылдық бюджет бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын 2009-2010 жылдары 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға, ал 2012 жылы 2 есеге көбейтуді қарастырады. Бұл бір сәттік шешім емес, қазақстандықтардың өмір сапасын жоғарылатуға бағытталған дәйекті саясат».

Білім жүйесін қазіргі заманғы бәсекелестікке қабілетті экономиканың талаптарына сәйкестендіру бағытында соңғы жылдары қыруар жұмыстар атқарылды. 2007 жылы 77 мектеп пайдалануға берілсе, 2008 жылы бұлардың саны 92-ге жетеді. Соңғы 3 жылдың ішінде балабақша мен шағын орталықтардың нысаны 1109 бірлікке жетті.

Осы орайда Елбасы өзінің тапсырмасына сәйкес «20 интеллектуалды мектеп» жобасының аясында дарынды балалар үшін арнайы мектептер ашу қолға алынып жатқанын айтты. Биылғы жылы Есілдің сол жағалауында 1200 орындық 2 интеллектуалдық мектеп ашылады. Оның бірі — физика-математикалық, екіншісі — химия-биологиялық бағытта болады. Астанада Орталық Азия аймағындағы білім-ғылымның, инжинирингтің орталығына айналатын жаңа университет салыну үстінде.

Мемлекет соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына да қомақты қаржы салды. Бұл желге шашылған ақша емес, болашаққа құйылған инвестиция. Соңғы 3 жылдың ішінде 173 жаңа денсаулық сақтау орындары салынды. 3200 нысан күрделі жөндеуден өтті. 4200 мекеме мүлдем жаңа заманалық медициналық құрылғылармен жабдықталды. 2,5 мың медицина қызметкері шетелдерде білімін жетілдіріп қайтты. Өйткені, жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандар да қажет қой.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша Астанада әлемдік деңгейдегі 6 орталықтан тұратын медициналық кластердің құрылысы жүргізіліп жатқанына да назар аударды. Оның ішінде үшеуі пайдалануға беріліп үлгерген. Олар Ана мен баланы қорғаудың ұлттық орталығы, Нейрохирургиялық ғылыми орталық. Биыл Республикалық диагностикалық орталық пен Республикалық жедел жәрдем орталығының құрылысын бастау жоспарланып отыр. 2010 жылы Ұлттық кардиохирургия орталығының құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Қазіргі кезде Қазақстанда жүрек-қан тамырлары аурулары үлкен қасіретке душар етуде. Онкологиялық аурулар мен туберкулездің де аяқ тартар түрі көрінбейді. Күш-жігердің бірінші кезекте, міне, осы сырқаттарға қарсы бағытталып отырғаны тектен-тек емес. Бүгінде Қазақстанда ортокоронарлық операция жасату үшін 9 мың адам кезекте тұр. Елімізде жылына 2 мың операция жасауға ғана мүмкіндік бар. 2010 жылға қарай осындай операциялардың барлығы өзімізде жасалатын болады. Сонда, біріншіден, мыңдаған адамның өмірін сақтап қаламыз, екіншіден, қомақты қаржы үнемдейміз.

Адамдар денсаулығы мен білімі бірінші орында тұрса, оларға қаржы салу да мемлекет үшін тиімділігімен ерекшеленеді. Егер біз бәсекеге қабілетті болғымыз келсе, халқымыздың денсаулығы мықты, білім-білігі жоғары болуы тиіс.

«Өкінішке қарай, біз, қазақ әлі ескіше келе жатырмыз. Күнде ойын, күнде той. Қалай болса солай тамақтанамыз, спортпен шұғылданбаймыз. Өзгелер балаларын музыка мектебіне, түрлі секцияларға апаруды жөн көреді. Қазақ әлі асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, сорпа ішкен озар, деп көнерген ұстаныммен жүр. Футбол командасында қанша қазақ бар? Олимпиадада Сәрсекбаев алтын алмағанда масқара болатын едік. Денсаулықты бала кезден ойлап, өзімізден бастауымыз керек»,- деді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар