Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында күйеуімен қалай танысқанын айтып берді.
“Махаббатта жолым болды. Күйеуіммен Эдуардпен Атырауда таныстым. Сол сәтте жолдасымды жұмыс бабымен Атырауға шақырған. Мен сол жақта жұмыс істеп жүргем. Кездейсоқ кеште кездесіп қалдық. Кейін танысып, бас қостық. Негізі сұлу жігіт. Күнделікті телефон соғып, қаратып алды. Мен сол кезге дейін жігіттер өзінің не қалайтынын білмейді деп ойлайтынмын. Ал Эдуард “екеуміз де жас емеспіз” деген дүниені нақты айтты. Жауапкершілікпен келді. Көңіл көтеру, уақыт өткізу деген нәрселерді айтқан жоқ. Қорғаным болатындай, қамқорлығына алатындай қадамдар жасады. Ажырасқанына 10 жылдан асқан бойдақ жүрген жігіт”, — дейді ол.
Жанар Байсеміз «сізді шетелдік азаматқа қимаймыз» деген көрермендеріне де жауап берді.
“Мұндай пікірді дұрыс та, орынсыз да деп айта алмаймын. Қызғану деген дүниені түсінбеймін. Көрермен махаббатын қабылдаймын. Бастапқыда “сізді қимаймыз” деген дүние көп айтылды. Бәлкім, мен ол кезде адамды ұлтқа бөлмейтін деңгейде болған шығармын. Бұрынғы Жанар ұлтшыл, басқаша болатын. Мен қазір ұлтшыл емеспін деп те айта алмаймын. Бірақ адамды ұлтқа бөлмеймін. Мен әдейілеп шетелдік азаматқа тұрмысқа шығайын деген жоспар құрған жоқпын. Сол менің таңдауым болды. Әйтпесе мен де қазақтың жігітіне тұрмысқа шыққым келді” — дейді ол.
Сондай-ақ, журналист бұл таңдауын ата-анасы қалай қабылдағанын да айтты.
“Ешкімнен ешқандай қарсылық болған жоқ. Атырауда тұрып жатқам. Анама хабарласып айттым. Ол кісі кішкене түсінбей қалды. Ал әкем бірден батасын берді. Өзім үйдің тұңғышымын. Әлдеқашан өзіммен өзім болып кеткен адаммын. 38-ге келгем. Өз өмірімнің қожасымын. Менің ата-анам “жоқ, қарсымыз” деп жатса да басқаша болар ма еді?! Бірақ ол кісілер ондай сөз айтқан жоқ. Мен не істесем де қолдайды. Ешқандай шектеу болған жоқ. Құда-құдағилар өкінішке орай әлі бірін-бірі көрген жоқ. Жолдасымның анасы Украинада. Біз өзіміз Украинаға барып келдік. Осында шақырып, таныстырайық деп ойладық. Бірақ соғыс басталып кетті. Сонымен әлі күнге дейін кездесу болған жоқ”, — дейді Жанар Байсеміз.