2024 жылдың қараша айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асты. Бұл оқиға белгілі бір психологиялық межеге айналды. Теңге бағамының өзгеруіне байланысты Мемлекет басшысы пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» гаазетіне берген сұқбатында теңге бағамының өзгеруі және оның экономикалық саясатқа ықпалы туралы сөз қозғады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі екенін және теңге бағамына сыртқы факторлардың ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынща, дамушы елдердің валютасы долларға қатысты әлсіреуде, ал теңге ұзақ уақыт бойы тұрақтылығын сақтаған.
«Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын ысырап ету орынсыз деп санаймын», — деді Президент.
Айта кетейік, Ұлттық банктің 5 қаңтарға ұсынған ресми бағамы — 1 долларға 525,11 теңге. Ресей рублінің орташа сараланған құны — 4,88 теңге. Еуро — 546,74.
Kurs.kz мәліметінше, қазіргі уақытта Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 524,1 теңгеден сатылып жатыр, сатып алу бағамы — 530,1 теңге. Еуро 542 — 549 теңге аралығында құбылып тұр.
Ал, Астана қаласы бойынша долларды сату бағамы — 527 теңге, сатып алу құны — 534 теңге. Еуро 537 теңгеден сатылып, 550 теңгеден сатып алынады.
Дәл қазіргі уақытта ақша айырбастау орындарында Ресей валютасы 4,93 — 5,07 аралығында саудаланып жатыр.
Айта кетейік, 31 желтоқсан кешкі сауда қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 1,53 теңгеге қымбаттап, 525,10 теңге болған.