"Мені Қазақстанда нарыққа кіргізбей қойды" : Шетелде туристік агенттік ашқан қазақ қызы не себепті елден кетуге мәжбүр болғанын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+2 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Мені Қазақстанда нарыққа кіргізбей қойды" : Шетелде туристік агенттік ашқан қазақ қызы не себепті елден кетуге мәжбүр болғанын айтты

"Мені Қазақстанда нарыққа кіргізбей қойды" : Шетелде туристік агенттік ашқан қазақ қызы не себепті елден кетуге мәжбүр болғанын айтты

Туризм -  мемлекетке көлемді табыс әкелетін салалардың бірі.

  • 23 Маусым 2023
  • 1528
Фото - Caravan.kz

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері туризмді дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте ішкі туризмді дамытуға ниетті жастарға  мемлекет жеткілікті деңгейде қолдау көрсете ме? Не себепті қазақ жастары өз идеяларын жүзеге асыру үшін шетел асып, өзге елді байытып жүр? Осы және өзге де сұрақтарды  Caravan.kz медиа порталының тілшісі Түркияда жұмыс істейтін "Nazgul travel" туристік агенттігінің директоры, кәсіби гид  Назгүл Қалекеге қойып көрген еді. 

— Өзіңіз бірнеше жылдан бері Түркия, Дубай елдеріне авторлық тур ұйымдастырып жүрсіз. Кейінгі  3-4 жылда  Түрік еліне деген қызығушылық пен сұраныс едәуір өскені байқалады. Бұған не әсер етті  деп ойлайсыз?

Иә, дұрыс айтасыз кейінгі жылдары отандастарымыздың Түрік еліне деген сұранысы артты. Бұл тенденцияға бірнеше факторлар әсер етті. Солардың негізгісі әлеуметтік желілер деп ойлаймын. Бұған дейін де қазақ халқы түрік сериалдары арқылы бұл елдің мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, тарихына ерекше қызығушылық танытатын. Ал әлеуметтік жетекші пікір иелері, яғни блогерлер, жұлдыздар бұл елге саяхаттап қапрапайым адамдарға Түркияның қолжетімді ел екенін көрсеттуі ол қызығушылықты одан әрі арттырды. Келесі фактор — қазақ аудиториясына қарапайым тілде ақпарат беретін қазақ тілді әрі кәсіби гидтердің пайда болуы.  Оның үстіне Түркия сахаттың ғана емес, сауда-саттықтың да ірі орталығы. Демек, келушілер бір оқпен екі қоянды ата алады. Жоғарыда аталған себептер бойынша бұл елге жылдың 12 айында да сұраныс бар.

— Керемет тұмса табиғат, мәдени-тарихи орындар бізде де жетерлік. Не себепті осы қолда бар алтынды әлі күнге дейін ұтымды пайдалана алмай келеміз?

Ең бірінші ескеру керек дүние ол біздің географиялық орналасуымыз. Еліміз өте үлкен, батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстіктің арасында ұшақпен жүрудің өзі ұзақ уақытты алады. Ал, автобус трансферлерді ұйымдастыратын болсақ жету тіптен қиын болады. Оның үстіне бізде логистика жақсы дамымаған, жолдар жақсы емес. Яғни, Қазақстанда көрнекі, тарихи, туристік орындарға жету қиын. Бізде ішкі рейстерді қамтамасыз ететін авиакомпаниялардың бағалары өте жоғары. Кейде тіпті, Ақтау мен Шымкент арасындағы ұшақ билеті Стамбулға баратын ұшақ билетінен екі есе қымбат болады. Мысалы, Бурабайға баратын ақшаға Египетке немесе Дубайға барып келуге болады. Қазақстанда туризмді дамытуға, тур ұйымдастырушыларға мүлде жағдай жасалмаған.  Қарапайым ғана мысал, бізде авиакомпаниялар мен отельдерге мониторинг жоқ. Әр компания өзінің қалаған бағасын қойып, мемлекет тарапынан ешқандай бақылаусыз бизнестерін жүргізе береді. Ал біз айналдырған 20 млн халықты әлі күнге дейін  ішкі туризмдік қызметімізбен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Түркияда AnadoluJet,  Turkish Airlines, Pegasus секілді авиакомпаниялардың ұшақ билеттерін мемлекет заңды түрде қадағалап отырады. Сондықтан да ұшуға бір-ақ күн қалса да біздегідей билеттің бағасы шарықтап кетпейді. Ішкі рейстердегі ұшақ билеттері де арзан.  Автобустың билетінен 3-4 мың теңге ғана айырмашылық болады. Қазақстанға қарағанда Түркияда бизнес жасау, тур ұйымдастыру едәуір қолайлы әрі мемлекет тарапынан қолдау жақсы  болғандықтан көптеген қазақтар осында келіп, туризм саласында жұмыс істеп жүр.

— Түрік халқында туристерді жылы шыраймен қарсы алу, жоғары деңгейде қызмет көрсету  мәдениеті қалыптасқан. Біз де қонақжай халықпыз, алайда туристерді сыйлау, құрметпен қарау мәдениеті әлі күнге дейін қалыптаспаған секілді. Бұл туралы не ойлайсыз?

Менің ойымша бұл нәрсеге әр елдің менталитеті, мінез-құлқы әсер етеді. Түрік, өзбек халықтарының генінде жұмсақтық, көркем мінез бар. Келген адамға қонақжайлылық танытып, жылы шыраймен қарсы алып, тәкәппарлық танытпау олардың қанында бар қасиет. Ал, біздің қазақ халқының кішкене тәкәппарлығы, өркөкіректігі бар. Креслоға отырса сырттағы клиенттермен сөйлесесуге қиналып қалады. Осы қасиеттеріміз елге келген туристті қабылдау мәдениетімізге де әсер етеді деп ойлаймын. Әрине, барлық қазақ бірдей емес. Бірақ біздің өзімізге тән осындай ерекше мінез-құлқымыз бар. Біз жоғары деңгейде қызмет көрсету  мәдениетін қалыптастыруымыз үшін өзіміз көп саяхаттап, әлем елдерінің мәдениетімен танысуымыз керек.  Кей шетелге шыққан отандастарымызда өзін-өзі ұстау, адамдармен сөйлесу, сауда жасау, тарихты тыңдау және оны сезіну мәдениеті жоқ.  Менің ойымша, оған кеңес дәуірінде 70 жыл бодан болғанымыз әсер еткен. Біздің ата-бабаларымыз көп саяхаттаған адамдар емес. Шетел асып, мәдениет, тарихпен танысып, ата-анасын саяхатқа алып шығып жатқан 90-шы жылдардан кейінгі ұрпақтар. Біздегі саяхаттау мәдениеті және келген саяхатшыны күтіп алу мәдениеті осы толқындағы ұрпақта қалыптасады деп ойлаймын.

— Өзіңіз әлеуметтік желіде Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға тырысқанымда әлдекімдер аяғымнан шалды деген мәлімдеме жасадыңыз. Осы жөнінде толығырақ айтсаңыз.

Өзім туризм саласында алғашқы турымды Түркістан облысы Сайрам-Өгем ұлттық паркіне ұйымдастырудан бастағанмын.  Сарыағаш шипажайны демалуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелген  келген демалушыларды  жергілікті мәдени-тарихи орындармен таныстыру үшін тур жасадым. Тур барысында демалушылар атқа отырып, тауға барып,  қымыз, бешбармақ секілді қазақтың ұлттық тағамдарымен, киіз үймен толық танысатын. Алайда, жасыратыны жоқ оңтүстікте сыбайлас жемқорлық өт қатты дамыған. Кімнің көкесі, Жәкесі болса, соның бизнесі дүркірейді. Мен апта сайын әдемі бағдарламамен турды өткізіп, баннерлер ілдім. Алайда бір аптадан соң ілген баннерлерімді алып тастап, тосқауыл жасап, тура менің тур бағдарламамды қайталап, мені нарыққа кіргізбей қойды. Үлкен тур компаниялар осылайша сенің идеяңды ұрлап, өзіңді ысырып тастай береді. Ол әлі күнге дейін сондай. Осындай әрекеттерге ашу-ыза, ренішпен Түркиға кеттім. Бұл жаққа келгенімде ешкім мені аяғымнан шалған жоқ, керісінше ілтипат танытып, қолдады. Осы себептен де қазір қазақтарды емес, түріктерді байытып жүрміз.

— Қазақстандағы туризмнің басты кемшіліктері қандай?

Бізде мемлекет тарапынан  ешқандай қолдау мен  қадағалауға арналған нақты бір жүйе жоқ. Біз қазір Түркияда заңды түрде тіркеліп, кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жақтың жүйесін Қазақстанға енгізсе, өте керемет жаңалықтар жасауға болатын еді. Ол үшін ең бірінші енді ашылған туристік компанияларға мемлекет тарапынан қолдау керек. Екіншіден,  мемлекет авиакомпанияларды, яғни әуе билеттерін міндеттерді түрде өз қадағалауына алу керек. Үшіншіден, бізде отельдер жүйесі дұрыс емес. Қонақ үйлердің көрсететін қызметі бағаларына сай емес. Төртіншіден, қалааралық трансферлерді дамыту керек.

— Жалпы кәсіби тур ұйымдастырушы, кәсіби гид ретінде туризмге қатысты мемлекетіміздің бүгінгі саясатын қалай бағалайсыз?

Бізде каньон да, сафари да, тау жоталары да, шиажайлар да, артезиан сулар да бар. Осы табиғи байлығымызға мемлекет тарапынан марткетинг пен халықаралық деңгейдегі жарнамалар жетіспейді.  Түркияның киноиндустриясының керемет дамуы оның туризміне қалай әсер еткенін көріп отырмыз. Қазіргі уақытта Стамбулдың өзіне жылына 15 млн турист келеді. Біз де осы нәтижелі практиканы отандық туризмге қолдансақ болады.  Кино арқылы табиғатымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық ерекшелігімізді насихаттауымыз керек. Мен осы саланың кәсіби маманы ретінде Қазақстандағы туризм саласына мүлде көңілім толмайды. Туризмді басқаруды жастарға тапсырып, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Мысалы, шетелде тур ұйымдастырып жүрген қазақ жастары шетелддік мамандарменжұмыс жасап, туризмнің қыр-сырын, жүйеге келтіруді меңгеріп,  керемет тәжірибе жинап жатыр. Сол мамандар отандық туризмне қызмет етсе, 10 жылда үлкен нәтижеге қол жеткізетін едік.

— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

Жалпы түріктер тарапынан біздің елдің тарихына, мәдениетіне қызығушылық өте үлкен. Түркістан қаласын өздерінің атажұрты санайды.  Сол қызығушылықты ескеріп, елімізді оларға танытайық, көрсетейік деген ниетпен түрік халқына еліміздің  киелі, қасиетті қаласы Түркістанға тур ұйымдастыруды ойлап отырмыз. Қазір түрік әріптестеріммен бірге алдағы жұмыстарды жоспарлап жатырмыз.