Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Айтыскер ақын, психолог Мұхамеджан Тазабек Жанар Байсемізге берген сұхбатында өзін түрлі діни топқа шақырғандардың көп болғанын айтты.
”Мені жақсы көретін, қолдайтын адамдар өте көп. Олар қай кезде де болған. Менің кейде мені қаралаған адамдардың қаралауын сезінбейтінім де содан шығар. Біріншіден, маған махаббатын төгіп тұрған адам өте көп. Екіншіден, қоғамға пайдалы жұмыс істеген адам мұндай қайшылықтан ешқашан құтылмайды. Құтыламын деп ойлауға болмайды. Тап-таза, жұрттың бәрі мақтайтын адам болайын деген адам көптің қамын ойлайтын адам емес. Абай да “елдің қамын ойлайтын адам туса, оны қабатын екі ит қоса туады” деп айтып кеткен. Жалпы кез келген топ, ат қойып айдар таққан адамдар болсын біз сияқты ықпалды адамдармен жұмыс істейді. Бізді таблиғи жамағат та, хизб ут-тахрир да тартты. Мен сәләфимін деген жігіттер де насихаттады. Мен еш уақытта ешқандай топқа белсене кіріп, солардың ықпалында болған емеспін. Мен сәләфит емеспін”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол “сәләфи” сөзінің қазіргі қолданыс аясы туралы да сөз қозғады.
”Жалпы сәләфилік деген нәрсе жайында да адамдардан көп сұрағам. Неге сәләфиміз деп айтасыңдар дегенімде, адасқан топтардан өзімізді айқындау үшін сәләфи деген сөзді қолданған дұрыс деген ғалымдардың пікірімен жүретін жігіттер де бар. Мен де сол алғашқы сахабалардың, пайғамбардың түсінігімен ислам дінін ұстанатын адаммын. Бірақ мен “сәләфи” деген атты алмай-ақ, ол нәрсеге көңілді бұрмай-ақ ұстауды қолдайтын адаммын”, — дейді ол.