Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің атап өтуінше, үш күн ішінде елорда аумағында 334 қылмыс пен оқиға тіркелсе, оның 30-ы криминалдық сипатта. Аталған қылмыстардың 127-сі «ізі суымай» ашылды.
Мәселен, қаңтардың 7-сінен 8-іне қараған түнгі сағат 1-де Астана қалалық ІІД Жедел басқару орталығының қызметкері бейнебақылау камерасының көмегімен тұрғын үй ауласындағы «Ниссан» маркалы көлік салонына терезесін сындырып кірмек болған белгісіз 2 адамды байқаған. Оқиға орнына жедел топ жіберіліп, олар қолға түсті. Тергеу амалдары барысында олардың Ақмола облысының тұрғындары әрі қаладағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейтіндіктері анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 175-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, олардың дәл осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.