Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 1-3 қаңтар аралығында Жаңа жыл мерекесіне орай халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істемейтінін хабарлады.
Корпорацияның мәліметінше, 4 қаңтар күні халыққа қызмет көрсету орталықтарының кезекшілері үшін жұмыс күні болып саналады. Қабылдау сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін жүзеге асырылады.
«5-6 қаңтар күні еліміздің барлық орталықтары әдеттегі кесте бойынша өз жұмысын жалғастырады. Елімізде 7 қаңтарда православиелік Рождество тойланатындықтан, бұл күні ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар үшін демалыс болады», — делінген хабарламада.
Мемлекеттік орган өкілдерінің хабарлауынша, жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін азаматтарды қабылдайды.
Кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтары дүйсенбіден жұмаға дейін 9.00-ден 20:00-ге дейін, сенбі күндері 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.
Кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтардың мекенжайларын Мемлекеттік корпорацияның Instagram желісіндегі ресми парақшасы және 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы білуге болатыны хабарланды.