Бұл туралы Адам құқықтарын қорғау бюросы хабарлады, деп жазды Caravan.kz порталы Абай.кз-ға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Арон Атабек денсаулығының нашарлағанын айтқан.
«Екі қолым ауырады, жоғары көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксофонға қоларбамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болу керек. Толық тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда «облучение» алу қауіпті деп есептеймін», – деген Арон Атабек.
Мекеме әкімшілігі топ мүшелеріне Арон Атабектің амбулаториялық картасын көрсеткен. Онда ол 04.08.2021 жылы қан анализін тапсырудан, флюрографияға түсуден, буындарын рентгенге түсіруден бас тартқандығы жазылған. Мекеме басшысы Қапышев Әділхан Темкенұлы Арон Атабек медицина қызметкерлерінің бақылауында екендігін айтқан.
№ 228 медициналық хаттамасында Арон Атабектің сүйек-буыны ауыратындығы, екі қолының да саусақтары деформацияланғаны, жарты жылдан бері іш қату салдарынан үлкен дәретке бара алмай, клизма алатындығы және жүргенде денесі дірілдейтіні жазылған.
Бұдан бөлек, хаттамада оның 30.07.2021 жылы медициналық тексеруден бас тартқаны жөнінде, кейіннен терапевт дәрігердің тексеруді камерада өткізгендігі жөнінде айтылған. Дәрігер Арон Атабекке церебросклероз, дисциркуляторлық энцефалопатия, стенокардия, созылмалы гастрит, созылмалы геморрой, қол-аяқтың артрозо-артитті диагноздарын қойып, жалпы клиникалық анализ тапсыруға, витаминдер ішуге, невропатолог пен кардиологқа баруға, УЗИ, ОБП және рентгенге түсуге кеңес берген. Бірақ Арон Атабек оның барлығынан бас тартқан.
Кездесу барысында Арон Атабек бұған дейін құқық қорғаушы Елена Семеновадан сәлемдеме алып тұрғанын, бірақ, Семенованың ұзақ уақыттан бері келмей кеткенін айтқан. Кездесу соңында Арон Атабек мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын жеткізген. Бұған қоса мекеме басшысынан мерзімінің соңына дейін ешқайда ауыстырмауын сұрап, соңына дейін осы жерде қалатынын мәлімдеген.
Бұған дейін, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов бастаған бір топ қаламгерлер түрмедегі ақын Арон Атабекке араша сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.
«Арон Атабек 2006 жылғы әйгілі «Шаңырақ» оқиғасын ұйымдастырды, кісі өліміне себепкер болды» деген жалған жаламен 18 жылға итжеккенге айдалып, сотталды. Қазақ елі тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, яғни, «Қазақ мемлекеті» т.б. бірнеше ұйымның жетекшісі, ақын, түрколог, Желтоқсан көтерілісінің бел ортасында жүріп, бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін күрескен батырымыз Арон Қабышұлы Атабек ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған түрмеде отырғанына алдағы жылы 15 жыл толады.
Жан азабы өз алдына, түрмедегі қинау мен азаптаудың алуан түрін басынан кешірген Арон Атабектің денсаулығы бірнеше жылдан бері күрт нашарлап кетті. Жасы 70-ке таяған қарттың екі қолы мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды.
Сіздің ел болашағының ынтымақ-бірлігін сақтаушы ретінде Арон Атабектің бостандыққа шығуына көмек қолын созады деген зор үміттеміз», — делінген ашық хатта.
Артынша қазақ қаламгерлерінің Арон Атабекке араша сұраған үндеуін Ресейлік құқық қорғаушы ұйымдар — ПЭН-Москва мен «Свободное Слово» ассоциациясы да қолдады.
«2019 жылы Еуропарламент Арон Атабекті дереу босату туралы арнайы резолюция қабылдаған. Өз халқының нағыз ұлы, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің қатысушысы және 1989 жылдың сәуіріндегі КСРО халық депутаттарының 1 сиезіне Қазақстанның егемендігі туралы және саяси қудалау көргендерді дереу босату туралы хатты ұйымдастырушы ақын Арон Атабек босатылсын!», — деп жазды ПЭН-Москва мен «Свободное Слово» ассоциациясы.
Айта кетейік, Арон Атабек 2006 жылы Алматыда болған «Шаңырақ» оқиғасына қатысқаны үшін 18 жылға сотталды. Оған оқиға барысында полиция қызметкерін өлтірді деген айып тағылған. 18 жылдық жазаны ол Павлодардағы түрмеде өтеп жатыр.