Caravan.kz медиа-порталы осылардың бір парасына тоқталып көрді.
Жер сатуға салынған мораторий
Барша қазақтын намысына қамшы салған оқиға көктемде жер дауына қатысты болды. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың «миллиондаған гектар жер жеке меншікке сатылады және шетелдіктерге жалға беріледі» деген мәлімдемесі қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызған болатын. Ақыры еліміздің бірнеше қаласында жердің сатылуына қарсы шерулер өтті. Жер дауы үлкен шиеленіске апарып соғуға сәл қалған еді. Абырой болғанда жұрттың наразылығы Елбасыға да жетті. Нәтижесінде жер реформасын xалыққа дұрыс түсіндірмеген министр Досаев сөз естіп, ақыры өз еркімен қызметінен кетті. Ал жерді сату мен жалға беруге мораторий жарияланды. Бұл оқиғаны ел шын қуана қарсы алды.
Шеттегі қандастарға квота берілетін болды
Маусым айында тоқтап қалған квота оралмандарға қайта берілетін болды. Бұған қоса азаматтық бір жылдан кешіктірілмей берілуі міндеттелді. Бекітілген жаңа ереже бойынша ағайынға азаматтықты өз уақытында еш кедергісіз берілу жүктелді. Сондай-ақ, осыған дейін өзге елден келген қандастарға ықтияр хат пен банктегі есеп-шотта жеке қаржысы болуы талап етілген. Енді бұл ереже де алынып тасталды. Бұл ел жаққа елеңдеп, жағымды жаңалық күтіп жүрген шеттегі ағайындар мен азаматтық ала алмай сергелдеңге түскен осындағы қандастар үшін ұзақ күткен жайлы хабар болды. Нәтижесінде қазақ көші біртіндеп қайта жандана бастады.
Қазақтың бірлігін көрсеткен тағы бір оқиға
10 шілдеде Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында төтенше жағдай болды. Бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр салдарынан Қобда өзені арнасынан асып, аудан орталығындағы 200-ге жуық үйді қора-қопсысымен су шайып кетті. Бар-жоғы 15 минутта нөсер жауын жұртты үлкен шығынға ұшыратты. Бірнеше қандасымыз мерт болып, елдің жүздеген бас малы суға кеткен. Дегенмен осы бір қайғылы оқиға барша қазақтың басын біріктірді. Шеттегі қандастардың қайғысына елдегі ағайын бей-жай қараған жоқ. Бір жұдырық болып жұмылып, барынша көмек қолын созуға тырысты. Әр облыстың тұрғындары жылу жинап, Баян-Өлгийге аттандырды. Үкімет те қарап қалмады. Сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің өзі Моңғолиядағы апат аймағына арнайы барып келді.
Үкімет ауысты
Қыркүйекте Үкімет ауысып, елді ең ұзақ басқарған премьер-министр Кәрім Мәсімов орнынан кетті. Есесіне Бақытжан Сағынтаев Үкімет басшысы болып бекітілді. Бұл тағайындау да қазақстандықтарды бір қуантып тастаған оқиғалардың бірі болды. Көпшілік жаңа премьер-министрден жаңа жақсылықтар болады деп үміттенді. Ал оның жаңа орынтағына бекітіле сала қазақша сөйлеуі көпшілікті тіпті сүйсінтіп тастады.
Риодағы жарқын жеңістер!
Рио Олимпиадасы кезінде қазақстандықтарды өзге түйткілдерден гөрі Бразилиядағы отандастарымыздың жеңістері күн сайын қуантып отырды. Себебі, төрт жылда бір келетін әлемдік додаға барша жұрт шындап жаппай жанкүйер болды. Әсіресе, қазақ қыздары — ауыр атлет Жазира Жаппарқұл мен боксшы Дариға Шәкімованың жеңісі елеулі жаңалық болды. Мұхиттың арғы жағындағы Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI Жазғы Олимпиада Ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 200-ден астам мемлекет ішінен жалпы есепте 22-орынға ие болды. Қазақстан қоржынына 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль түсті. Әрине, Лондон Олимпиадасымен салыстырғанда алтын аз болғанымен медаль саны жағынан ең көп жүлде алған жарыс болды.
Тәуелсіздік мерекесіне дейін шырша жанбайды
Биылдан бастап Тәуелсіздік мерекесіне дейін жаңа жыл шыршаларын жағып, көше безендірудің жолы кесілді. Ел тарихында тұңғыш рет Тәуелсіздік күнін үнемі көлеңкесінде қалдырып кететін шыршаларды 16 желтоқсанға дейін орнатуға болмайтыны жайлы ескерту жасалды. Бұл оқиға да Тәуелсіздікті қадір тұтатын ел үшін жағымды жаңалық болды.
«Рақымшылық» туралы заң қабылданды
Желтоқсан айының басында Парламент "Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық" туралы заңды қабылдап, оған Елбасы қол қойды. Бұл бойынша 1500 адам бостандыққа шығуы тиіс. Қабылданған рақымшылық туралы заң мыңдаған сотталушы мен олардың мыңдаған туған туыстары үшін жағымды жаңалық болды. Айта кету керек, бұл елімізде 25 жылда 8-ші мәрте жасалып отырған рақымшылық. Ал жалпы ТМД елдері ішінде Қазақстан — рақымшылықты ең сирек жасайтын ел. Бүгінде еліміздегі түзеу мекемелерінде 36 мыңға жуық жазасын өтеуші бар.
Тәуелсіздік күніне тосын сый
Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласында әлеуметтік сала қызметкерлеріне сыйақы берілетін болды. Оларға бір айлық жалақы көлемінде ақша таратылатыны жарияланды. Ал, ардагерлер, көп балалы аналар мен кембағал жандардың әрбірі 50 мың теңгеден алады. Биыл жергілікті бюджеттен бас-аяғы 123 миллиард теңге үнемделіпті. Ол қаражаттың 6,2 млрд теңгесі — осылайша әлеуметтік сала қызметкерлеріне сыйақы ретінде берілді. Бұл — қала басшылығының Тәуелсіздікке жасаған тартуы. Аталған сыйақыға жалпы саны — 114 мың 300 адам ие болды. Басқа өңірлерде де халыққа шама-шарқынша сыйақы, түрлі көмек таратылды. Бұны биліктегілердің жұртқа жасаған тосын сыйы деуге болады.