Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, Астана қаласындағы Бас мешіт пен Хазірет Сұлтан мешіттері ас беруге ниетті жандарға адам басына 7 мың мен 20 мың теңгеге дейінгі аралықтағы той дастарханынан кем емес бірнеше мәзір ұсынады.
«Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20000 теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз! Адам өліміндегі ас емес, той жасайтын дастарқан! Минималды баға 7000 теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не? Мысалы Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарқанда тек 7-ақ ас түрі болады. Одан басқа мәзір жоқ! Ұсынбайды! Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды?
Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан сайын соққы болып отыр.
Ысырапшылдықтың алдын алу неге мешіттерден басталмайды?!», — деп жазды Дәулет Мұқаев.
Желі қолданушылар да бір ауыздан депутаттың бастамасын қолдап, пікірімен келісетінін айтуда.
«Шынында қазір жайылған дастарханға қарап тойы қайсысы, жаназасы қайсысы екенін білмейсің», «Үйі жоқ, күйі жоқ адам әр адам басына 20 мың теңге төлеп қалай ас береді?», «Ысырапты мешіттің өзі жасап отыр, бәрі бизнес болып кетті ғой», «Бізде Семейде жеті нәрсе ғана қойылады, артық зат болса, молдалар тұрып кетіп қалады», «Жаназаны ғана емес, той-томалақты да тоқтатайықшы», — деп жазды олар.